A+ A A-

talgatzhan 0 Кеше, 16:00 0

1 қазаннан бастап депозиттерге қатысты қандай өзгеріс болады

Бүгін / Республика

1 қазаннан бастап валюталық депозиттер бойынша мөлшерлеме өзгереді. Бұл туралы «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап. 

Қор жеке тұлғалардың депозиттері бойынша мөлшерлемелерді реттеуді ырықтандыру аясында 2026 жылдың 1 қазанынан бастап, кейбір валюталық депозиттер бойынша шекті мөлшерлемелердің көтерілетіндігі туралы хабарлайды.

— Қазіргі кезеңде мерзімі 12 айдан жоғары жинақ салымдардың мөлшерлемелері ғана өзгереді, яғни 1 қазаннан бастап, мұндай салымдар бойынша шекті мөлшерлеме жылдық 1,0%-дан 2,5%-ға дейін жоғарылайды. Жаңа шекті сыйақы мөлшерлемелері 2026 жылдың 1 қазанынан кейін ашылатын немесе мерзімі ұзартылатын салымдарға ғана қолданылуы мүмкін. Атап өту керек, шекті мөлшерлемелер — шетел валютасындағы депозиттер бойынша сыйақы мөлшерлемелерін анықтау үшін ұсынылатын жоғарғы шекара саналады. Бұл ретте банктер өздерінің депозиттік өнімдері бойынша сыйақы мөлшерлемелерінің деңгейі туралы шешімді өз бетімен қабылдайды. Бұл кезеңде әр түрлі мерзімге ашылатын мерзімді, мерзімсіз, сондай-ақ мерзімі 12 ай және одан төмен болатын жинақ салымдар бойынша шекті мөлшерлемелер 1% деңгейінде өзгеріссіз қалады, — дейді ведомство мамандары.

ҚДКБҚ мәлім еткендей, бұл шешімге ҚР Ұлттық банкінің депозит нарығын долларсыздандыру саясатын сәтті жүргізгендігінің арқасында қол жеткізілді.

— Долларлану деңгейі 2015 жылдағы 80%-дан 2026 жылдың 1 қыркүйегіне қарай 19,2%-ға дейін төмендеді. Сонымен бірге тиімді макроэкономикалық жағдаят және жыл барысында теңгенің нығаю үрдісі Ұлттық банкке қормен бірлесіп, валюта нарығындағы реформаларды одан әрі жалғастырып, валюталық депозиттер бойынша мөлшерлемелерді реттеуге қатысты қолданыстағы тәсілдерді кезең-кезеңмен ырықтандыруға кірісуге мүмкіндік берді. Жеке тұлғалардың шетел валютасындағы депозиттері бойынша ҚДКБҚ максималды кепілдігі өзгеріссіз қалады, — делінген хабарламада.

Еске саламыз, ҚДКБҚ қазақстандық салымшылардың әрбір банктегі жинақ ақшасын заңнамалық тұрғыда қорғалуын қамтамасыз етеді:

20 миллион теңгеге дейін — сыйақысын қосқанда теңгедегі жинақ салымдар бойынша (мерзімінен бұрын алуға болмайтын депозиттер);
10 миллион теңгеге дейін — сыйақысын қосқанда, теңгедегі басқа салымдар, сондай-ақ теңгедегі ағымдық шоттар мен төлем карталары бойынша;
5 миллион теңгеге дейін — сыйақысын қосқанда, доллар, еуро немесе басқа да шетел валютасындағы кез келген салымдар, шоттар және карталар бойынша.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив