Өңірде қоршаған ортаны қорғауға жұмсалатын қаражат көлемі соңғы жылдары тұрақты өсіп келеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бюро бөліскен мәлімет
Ұлттық статистика бюросы мәліметінше, өткен жылы өңірдегі бұл көрсеткіш 59 млрд теңгеге таяды. Аймақтағы қоршаған ортаны қорғауға жұмсалған жалпы шығын көлеміне тоқталсақ, 2022 жылы – 33 млрд теңге, 2023 жылы – 39 млрд теңгеге жуық, 2024 жылы – 54 млрд теңге, ал 2025 жылы – 59 млрд теңге болды.
Осылайша, 2022-2025 жылдар аралығында өңірдегі экологиялық шығын көлемі шамамен 76%-ға өскен. Осы көрсеткіш бойынша Шығыс Қазақстан облысы республикадағы алдыңғы қатарлы өңірлердің бірі болды.
Ал биылғы кеткен шығын 55 млрд теңгеге жетті. Оның ішінде, материалдық шығындар – 39 млрд теңге, еңбекке ақы төлеу мен әлеуметтік қажеттіліктерге аударымдар – 7 млрд теңге, табиғатты қорғау қызметтерін көрсеткен басқа ұйымдарға төлемдер – 8 млрд теңгеге жуық.
Қай өңірлер көп қаржы жұмсады?
Өткен жылы қоршаған ортаны қорғауға жұмсалған шығын көлемі бойынша ең жоғары көрсеткіштер мына өңірлерде тіркелген:
- Ақтөбе облысы – 146 млрд теңге;
- Түркістан облысы – 123 млрд теңге;
- Қарағанды облысы – 97 млрд теңге.
Ал биылғы экологиялық шығындар бойынша алдыңғы қатарда Атырау облысы (76 млрд теңге) болса, екінші орында Павлодар облысы (58 млрд теңгеге жуық), ал үштікті Шығыс Қазақстан облысы (55 млрд теңге) аяқтады.
Қаржы қай бағыттарға жұмсалды?
Былтыр елде қоршаған ортаны қорғауға бағытталған шығындардың негізгі бөлігі бірнеше бағытқа жұмсалған. Ең ірі шығындарға тоқталсақ, басқа да қоршаған ортаны қорғау іс-шаралары – 324 млрд теңге, қалдықтарды басқару – 179 млрд теңге, атмосфералық ауаны қорғау және климаттың өзгеруі мәселелеріне – 160,9 млрд теңге бағытталды.
Атмосфералық ауаны қорғауға жұмсалған қаржы 2022 жылы 316 млрд теңге болса, 2023 жылы 122 млрд теңгеге дейін төмендеген. Кейінгі жылдары қайта өсті. Яғни, 2024 жылы – 153 млрд, 2025 жылы – 160 млрд теңге. Қалдықтарды басқаруға жұмсалған шығын көлемі де жыл сайын ұлғайған. 2022 жылы бұл мақсатқа 107 млрд теңге жұмсалса, 2023 жылы – 131 млрд, 2024 жылы – 146 млрд, ал 2025 жылы 179 млрд теңге бағытталды.
Пікірлер