Тақырып Қаныш Сәтбаев даңғылы мен Ілияс Есенберлин даңғылы қиылысындағы жол айрығы турасында. Қазір ол жерде жұмыс қызу. Дегенмен облыс әкімдігінде жиында өңір әкімі Нұрымбет Сақтағанов қала басшысына жұмыс бойынша бірқатар ескерту айтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аймақ басшысы жұмыс қарқыны бойынша Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшылығына, «ҚазАвтоЖол» АҚ өкіліне, қала және аудан әкімдіктеріне, сондай-ақ полиция департаментіне бірлесіп жұмыс істеуді тапсырды.
– Барлығыңыз бірлесіп, биылғы қыс мезгіліне барлық автомобиль жолында көлік құралдарының кедергісіз, қауіпсіз өтуі бақылансын. 15 қазанға дейін республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының қысқы дайындығын аяқтасын. Сонымен қатар 5 жолдың торабында тұрған жол айрығының жұмыстары аяқталсын – деді облыс әкімі.
Осы жөнінде Шығыс Қазақстан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарып жүрген Айжан Құмарова жауап берді. Оның айтуынша, қазірде жол жөндеу жұмыстарына 15 млрд теңге бөлінген. Мердігер ұйымдарға жұмысты жеделдету бойынша тиісті тапсырмалар берілген.
– Біз барлығын мердігерге ескерттік. Қазір жұмыс екі есе қарқынмен істеліп жатыр. Қазан айының соңына дейін аяқтау жоспарда бар. Қаныш Сәтбаев көшесі бойынша бір бағыттағы қозғалысты ашу жоспарға еңгілізілген, – деді Айжан Құмарова.
Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышовта Қаныш Сәтбаев даңғылы бойындағы жолды 25 қазанға дейін ашу жоспарланып отырғанын айтты.
– Қаныш Сәтбаев даңғылы бойынша жолды 25 қазанға дейін ашамыз. Есенберлин даңғылындағы жолды да уақтылы ашуға тырысамыз. Бұл жерде ауа райын да ескеріп отырмыз. Қаныш Сәтбаев – ең негізгі жол торабы. Соны бірінші кезекте ашамыз, – деді қала әкімі.
Осы ретте облыс әкімі жолды ашу мерзімін сақтай отырып, құрылыс жұмыстары сапасына да мән беру қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, асфальт төселетін негіздің толық қатуы үшін белгілі бір уақыт қажет. Сондықтан ауа райы мен құрылыс технологиясының талаптарын ескеру маңызды.
– Ашу керек деп асығыстыққа басуға болмайды. Асфальт астындағы бетон қатуы үшін уақыт керек. Ертіс көпірін ашамыз деп аштыңыздар, жылда асфальтта тесік пен шұңқырлар пайда болады. Қайтадан қиналып қаламыз. Сондықтан асықпай, уақтылы ашайық. 25 қазанда үлгерсек жақсы. 30 қазанда бітсек те жаман емес. Асфальт астындағы бөлігін жөндеп бітіріп, жүруге де болады. Жоғарғы бөлігін келесі жылы да салуға мүмкіндік бар. Бастысы – жолды ашсақ болды, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Өз кезегінде Алмат Ақышов жолдың биыл ашылатынын, алайда нысанды толық аяқтау жұмыстарының бір бөлігі келесі жылға қалатынын нақтылады.
Пікірлер