Ер адам көлігі тәркіленіп, арнайы тұраққа апарылған соң алимент бойынша берешегін толық өтеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Атқарушылық іс жүргізу 2017 жылдың қазан айында басталды. Сот орындаушысы Ләйлә Ильдебаеваның айтуынша, ер адам ай сайынғы табысының төрттен бір бөлігін балаларына аударуға міндетті болған. Алайда тоғыз жылға жуық уақыт тұрақты төлем жасалмаған. Нәтижесінде, қарызды өтеу үшін оның банк шоттары бұғатталды. Белгілі бір әрекеттерге шектеулер қойылып, елден шығуға құқығынан уақытша шектелді.
Ер адам көлікті сатып, оның иесі емес екенін айтқан. Дегенмен, сот орындаушысы көліктің әлі де оның атында тіркелгенін анықтады. Борышкер ол көлікпен жолаушыларды тасымалдап, ақша тапқан. Кейін темір тұлпар тәркіленіп, арнайы тұраққа қойылды. Ал сот орындаушысы мен полиция қызметкерлері борышкерді ұстады.
Ер адам сот орындаушысынан да қашып жүрген. Іс материалдарына сәйкес, оған мәжбүрлеп әкелу туралы сот санкциясы шығарылды, кейін оған іздеу жарияланды.
Тамыздың 13-күні сот оны атқару парағында көрсетілген талаптарды орындамағаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі 669-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, екі тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасын тағайындады. Сонымен қатар, іс жүргізу барысында ер адамның жүргізуші куәлігі уақытша тоқтатылды. Брақ ол сонда да көлік жүргізуін жалғастырған. Оған осы үшін айыппұл салынды. Осындай шаралар қабылданған соң ер адам алимент бойынша берешегін толық өтеді.
Пікірлер