Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің ШҚО бойынша департаменті табиғи монополиялар саласындағы мемлекеттік реттеу мен бақылауды жүзеге асырады. Сондай-ақ департамент көрсетілетін қызметтердің бағалары мен тарифтерін реттейді.
Департамент басшысы Қуат Мұстапиннің айтуынша, есепті кезеңде табиғи монополиялар субъектілерінің қызметіне қатысты 3 жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Оның қорытындысында әкімшілік істер қозғалып, жалпы сомасы 41 млн теңге айыппұл салынған.
– Есепті кезеңде табиғи монополиялар субъектілерінің қызметіне 3 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Сонымен қатар әкімшілік істер қозғалып, жалпы сомасы 41 млн теңге болатын айыппұл салынды. Мемлекет пайдасына бүгінге дейін 10 млн теңге өндірілді, – деді департамент басшысы.
Сонымен қатар есепті кезеңде департаментке тұрғындардан 97 өтініш келіп түскен. Олардың барлығы қаралып, өтініш иелеріне тиісті жауаптар берілді.
Халықпен кері байланысты күшейту және инвестициялық бағдарламалардың орындалуын бақылау мақсатында табиғи монополиялар субъектілерінің қатысуымен 2 баспасөз шарасы ұйымдастырылған. Оған бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері, қоғамдық бірлестіктер және басқа да мүдделі тараптар қатысқан.
– Тұтынушылар мәселелерін қарау үшін 6 қоғамдық қабылдау ұйымдастырылды. Жүргізілген жұмыстар туралы ақпарат әлеуметтік желілерде де тұрақты түрде жарияланып отыр, – деді Қуат Мұстапин.
Тұрғындарға әлеуметтік қолдау көрсету және коммуналдық қызметтерге байланысты тарифтік жүктемені жеңілдету мақсатында тұрғын үй көмегін көрсету механизмі де қолданылуда. Бұл тетік аз қамтылған азаматтарға олардың нақты қажеттіліктерін ескере отырып қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.
Брифинг барысында энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту мәселесіне де тоқталды.
– 2025-2029 жылдарға арналған энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту ұлттық жобасы еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін арттыруға, инфрақұрылымның тозуын азайтуға және халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам, – деді Қуат Мұстапин.
Пікірлер