Ұлан ауданында дәстүрлі «Шығыс Салбурыны – 2026» халықаралық фестивалі биыл өзгеше өтпек. Іс-шара аясында ұлттық спорт түрі – құсбегіліктен Бірінші Азия кубогі ұйымдастырылады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте Ұлан ауданының әкімі Арман Бекбосынов мәлімдеді. Осы жылы Бозанбай ауылы маңында өтетін халықаралық жарысқа Қазақстаннан бөлек, Түркия, Венгрия, Испания, Грузия, Қытай, Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресейден 150-ге жуық құсбегі қатысады деп жоспарланып отыр.
– Фестиваль 8-10 қазан аралығында өтеді. 8 қазанда қатысушыларды қарсы алу және тіркеу, жеребе тарту мен төрешілер алқасының отырысы ұйымдастырылады. 9 қазанда жарыстың ресми ашылуы, іріктеу кезеңі және жартылай финал өтеді. Ал 10 қазанда финалдық сайыстар ұйымдастырылады, – деді аудан әкімі.
Жарыс бағдарламасына тазы жүгірту, асау үйрету, жамбы ату және теңге ілу сынды ұлттық спорт түрлері енгізілді.
Сонымен қатар фестиваль аясында ұлттық қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі мен көрмесі, сондай-ақ танымал өнерпаздардың қатысуымен мерекелік концерт болады.
– Биыл сұңқар, қаршыға және ителгі сайыстарына қатысушылар санын 55-ке дейін жеткізу жоспарланып отыр. Өткен жылы аталған сайыстарға 47 құсбегі қатысқан, – деп қосты Арман Бекбосынов.
Ұйымдастырушылар сөзінше, халықаралық жарыс қазақтың дәстүрлі құсбегілік өнерін сақтап, кеңінен насихаттауға және өңірдің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған.
Еркежан ЕРКІНБЕКҚЫЗЫ
Фотосурет автордікі
Пікірлер