Аудандағы «Востокэнерго» ЖШС-нің Усть-Таловка электр станциясы жылу желісіндегі жаңа сорғы станциясын іске қосу жоспарлап отыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жаңа нысан абоненттер саны артуына байланысты жылумен жабдықтау жүйесі сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Қазір жылу жүйесі жұмыс істеп тұр және жылу тасығышпен толтырылған. Жаңа сорғы станциясы қажетті көлемдегі жылу тасығышты тұрақты айдауды қамтамасыз етіп, тұтынушыларды үздіксіз жылумен қамтуға мүмкіндік береді.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов нысанға барып, оның пайдалануға дайындық барысымен танысты. Жылумен жабдықтау мәселесі аймақ басшысының аудан тұрғындарымен кездесуінде де көтерілген болатын.
Ауданда абоненттер саны жыл сайын артып келеді. Бұл қолданыстағы жылу желілеріне түсетін жүктемені көбейтуде. Осыған байланысты жаңа сорғы станциясының іске қосылуы жүйенің өткізу қабілетін арттырып, жылумен жабдықтаудың тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Жоба аясында қазба жұмыстары аяқталып, іргетас дайындалған. Металл конструкциялар орнатылып, толық трансформаторлық қосалқы станция іске дайын күйге келтірілді. Сонымен қатар диаметрі 530 миллиметр болатын 400 метр жылу магистралі тартылды. Сорғы жабдықтары орнатылып, жылу желісі қысыммен тексерілді.
Жоба талқыланған кезде жаңа станцияның қуаты аудан халқы едәуір өскен жағдайда да жеткілікті болатыны айтылды.
Айта кетейік, ауданда 23 автономды қазандық, 21 денсаулық сақтау нысаны және 36 білім беру нысаны 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына толық дайын.
Пікірлер