Аталған ауданға қарасты Сугатовка ауылында 964 ірі қара малға арналған сүт фермасы салынып жатыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жобаның құны – шамамен 8,5 млрд теңге. Құрылыс жұмыстары 2028 жылдың шілдесінде аяқталады деп жоспарлануда.
Жобаның іске қосылуына арналған салтанатты жиынға облыс басшысы Нұрымбет Сақтағанов қатысты. Әкім өз сөзінде жеңілдікпен қаржыландыру, жұмыс орындарын құру және жаңа ферманың аймақтың сүт өнеркәсібі үшін маңыздылығы туралы айтты.
Одан бөлек, заманауи фермалар құрылысы жоғары сапалы сүт өндірісін арттырып қана қоймай, мал шаруашылығы мен жемдеудің жаңа технологияларын енгізетінін жеткізді. Сонымен қатар, өңдеу зауыттары тұрақты шикізат базасына ие болады.
Жобаның 2,4 млрд теңгесі Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін қайталау бағдарламасы арқылы қаржыландырылады. Жеңілдікті несие жылына 2,5% мөлшерлемемен беріледі.
– Бұл ауыл шаруашылығы өндірушілер үшін жақсы мүмкіндік әрі қолдау. Мұндай жобаларды іске асыру өндіріс көлемін арттырып, ауылдық жерлерді дамытып, мамандар мен жастар үшін жаңа жұмыс орындарын ашады. Сонымен қатар, зор мүмкіндіктер есігін ашады, – деді облыс әкімі.
Құрылыс бүгін басталды. Ферма аумағы – 10 гектар. Құрылыс алаңы – 25 500 шаршы метр, ал көгалдандыруға қосымша 31 900 шаршы метр бөлінген. Жобалық-сметалық құжаттама аясында мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алды.
Мұндағы "Сугатовка" ЖШС 2004 жылдан бері жұмыс істейді. Ол өсімдік және сүт шаруашылығымен айналысады.
– Ауданда 10 сүт фермасы жұмыс істейді. 2026 жылдың алғашқы сегіз айында фермалар 31 700 тонна сүт өндірді. Жылына 11 500 тонна сүт өндіретін екі сүт өңдеу зауыты – "UTEX" ЖШС және "Siver Plus" ЖШС бар. Жаңа ферма жергілікті шикізат өндірісін арттырып, өңдеу зауыттары үшін қосымша қуат беруі керек, – делінген ақпаратта.
Нұрымбет Сақтағанов жобаға қатысушылардың кәсібилігінің, жауапкершілігінің және үйлесімді жұмысы арқасында құрылыстың уақтылы аяқталатынына сенім білдірді.
Пікірлер