3 қазанда облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов шаһардағы Сәтпаев даңғылы мен Жібек жолы көшесінің қиылысында салынып жатқан жол айырығы құрылысын тексерді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жобаға бірнеше маңызды бағыт кіреді. Айталық, диаметрі 165 метр болатын сақиналы жол айырығын салу, Сәтпаев даңғылындағы жол айырығынан Сол жағалауға дейінгі жолды Ертіс өзені арқылы өтетін көпірге дейін қайта құру, Жібек жолы көшесін алты жолаққа дейін кеңейту, Есенберлин даңғылынан қосымша жол айырығын салу және Сәтпаев даңғылында бұрылыс ұйымдастыру жұмыстары. Сонымен қатар коммуналдық желілерді, жол инфрақұрылымы мен жол өткелін қайта құру жалғасып жатыр.
Жаңа жол айырығы қала тұрғындары үшін ғана емес, жалпы өңір үшін де маңызды инфрақұрылымдық жоба болмақ. Ол қаладағы көлік қозғалысы ең қарқынды аудандардың біріндегі жүктемені айтарлықтай азайтып, жол жүру уақытын қысқартып, жол желісінің өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Бүгінде құрылыс-монтаж жұмыстарының жалпы көлемінің 71,65 пайызы аяқталған.
Жұмыс сапары барысында Нұрымбет Сақтағанов құрылысшылармен кездесіп, жобаның жүзеге асырылу барысын талқылады. Кездесуде нысан сапасына ерекше назар аударылды. Қызу жұмысты тексеріп қайтқан әкім жол айырығының бір бағанына қолтаңбасын да қалдырды.
Фото: ШҚО әкімдігі
Пікірлер