A+ A A-

talgatzhan 0 Бүгін, 17:05 0

ШҚО-да балық аулау кезіндегі қауіпсіздікті түсіндіру үшін жадынамалар тарату жеткілікті ме?

Бүгін / ШҚО

Күзгі балық аулау маусымының басталуына байланысты өңірде балықшылар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған рейдтік және профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Өңірдегі Төтенше жағдайлар департаменті мамандары осы уақытқа дейін 90 рейд өткізген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыстық ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының аға инженері Нұрасыл Болатқанұлы мәлімдеді. Оның айтуынша, негізгі мақсат – су айдындарында балық аулау кезінде жазатайым оқиғалар мен адам өлімінің алдын алу.
– Су айдынына шығар алдында жүзу құралының жарамдылығына көз жеткізу, құтқару және байланыс құралдарының бар-жоғын тексеру, сондай-ақ ауа райы мен гидрологиялық жағдайды ескеру қажет. Қайықтағы әр адам жеке құтқару кеудешесімен қамтамасыз етілуі тиіс, – деді Нұрасыл Болатқанұлы.
Белгілі болғандай, су айдындарында қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 412-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. ТЖД қызметкерлері полиция органдарының, жергілікті атқарушы органдардың және волонтерлік ұйымдар өкілдерімен бірлесіп, бекітілген кестеге сәйкес тұрақты түрде рейд өткізуде. Тексеріс барысында балықшыларға қауіпсіздік талаптары түсіндіріліп, жадынамалар мен ақпараттық материалдар таратылуда. 
ТЖД бастығының орынбасары Исхар Савазовтың айтуынша, судағы қайғылы жағдайлардың басым бөлігі қауіпсіздік талаптарын сақтамаудан болады. Оның ішінде құтқару кеудешесін кимеу және гидрологиялық жағдайды ескермеу сияқты себептері бар.
– Ауа райы бұзылғанда немесе төтенше жағдай жарияланғанда байланыс операторлары арқылы тұрғындарға ескерту хабарламалары жіберіледі. Қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында департамент мамандары тұрақты түрде тексеру жұмыстарын жүргізіп келеді, – деді Исхар Савазов.
ТЖД мамандары балықшыларға суға шығар алдында мына талаптарды сақтауды ескертеді:
    • жүзу құралының жарамдылығын және құтқару құралдарының болуын тексеру;
    • құтқару кеудешесін міндетті түрде киіп, оны дұрыс тағу және бекіту;
    • ауа райы мен су айдынының жағдайын ескеру;
    • қайыққа шамадан тыс жүк тиеуге жол бермеу;
    • қолайсыз ауа райы кезінде суға шықпау;
    • белгіленген балық аулау қағидаларын сақтау;
    • балық аулауға тыйым салынған жерлерде балық ауламау.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив