Шығыс Қазақстан облысында жүзеге асырылып жатқан 15 табысты жобаның қатарында Алтай ауданындағы ерекше кәсіпкерлік бастама да бар. Серебрянск қаласында жеке кәсіпкер Солтанова Ғалия Сейткожиновна ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және биогумус өндіру жобасын қолға алды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жобаны жүзеге асыру үшін кәсіпкерге 3,9 млн теңге көлемінде шағын несие берілді. Қаржы өндірісті дамытуға және биогумус өндіру үшін калифорниялық құрттарды өсіруге бағытталды.
Калифорниялық құрттар органикалық қалдықтарды өңдеп, құрамында өсімдіктерге қажетті қоректік заттар мол табиғи тыңайтқыш – биогумус өндіруге мүмкіндік береді. Алынған өнім топырақтың құнарлылығын арттырып, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін көтеруге ықпал етеді.
Жобаның басты ерекшелігі – ауыл шаруашылығы қалдықтарын тиімді пайдалана отырып, экологиялық таза өнім өндіруінде. Бұл қоршаған ортаға түсетін салмақты азайтып қана қоймай, органикалық қалдықтарды пайдалы ресурсқа айналдыруға мүмкіндік береді.
Бүгінде жоба Алтай ауданының Серебрянск қаласында жүзеге асырылуда. Кәсіпкерлік бастама аясында бір жаңа жұмыс орны құрылды.
Калифорниялық құрттарды өсіру арқылы биогумус өндіру – шағын бизнестің жаңа бағыттарын дамытуға, табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға және ауыл шаруашылығында экологиялық таза тәсілдерді кеңінен қолдануға мүмкіндік беретін тың жобалардың бірі.
Осындай бастамалар Шығыс Қазақстан облысында кәсіпкерлікті дамытуға көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижесін көрсетеді. Жоба табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мен экологиялық өндірісті дамытуға бағытталған жаңа мүмкіндіктердің бар екенін дәлелдейді.
Пікірлер