A+ A A-

talgatzhan 73 21-11-2024, 12:20 0

Өскеменде мүмкіндігі шектеулі балалар бақ сынасты

Бүгін / Өскемен

Бүгін «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында балаларға арналған «Тең мүмкіндіктер» инклюзивті спорттық фестиваль өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

Шара «AMANAT» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы мен облыстық білім, дене шынықтыру және спорт, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру, мәдениет басқармасының мұрындығымен Шығыс Қазақстан облыстық волейболдан мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиадалық резерв спорт мектебінде ұйымдастырылды. 

Спорттық сайыстың ашылу салтанатында облыстың түкпір-түкпірінен келген командалар ортаға шығып, өздерін таныстырды. Залда Әнұран шырқалып, келген қонақтар қатысушыларға сәттілік тіледі. 

Ұйымдастырушылардың сөзінше, фестиваль әлеуметтік белсенділікті, сенім мен өзара сыйластықты арттыруды, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар мен олардың дені сау құрдастары арасындағы достық байланысты нығайтуды мақсат етеді. 

– Өздеріңіз білетіндей, «AMANAT» партиясында бірнеше жоба жүзеге асырылады. Мұның барлығы халық пен балалар денсаулығын, әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Соның бірі –  «Кедергісіз келешек» жобасы. Осының негізінде қала, аудан мектептерінен 75 қатысушы келіп, спорттық сайыста бақ сынасып жатыр. Мүмкіндігі шектеулі балалар бочча, эстафета, «Көңілді старт» сынды кезеңдер бойынша жарысады, – дейді «AMANAT» партиясы ШҚО филиалының төрағасы Сайрангүл Жұмәділова. 

Спорттық фестиваль қатысушылары үлкен, орта және кіші жас тобына бөлінген. Солардың бірі Кирилл Артемин бірнеше спорт түрімен қатар айналысады. Жеңіл атлектикамен шұғылданып жүргеніне 3 жыл болған. 

- Бүгінгі жарысқа жан-жақты дайындалып келдім. Жүлделі орын алып, мектебіме жеңіспен ораламын деп үміттенемін, - деді ол. 

Сынға түсетін спортшылармен бірге олардың бапкерлері де қолдау көрсетуге келген. Серебрянск қаласындағы №1 орта мектебінің дене шынықтыру пәні мұғалімі Ақылбек Тоқтағанұлының айтуынша, мұндай шаралар тағдыр тәлкегіне түскен балалардың ерік-жігерін шыңдап, жетістікке жетуіне мотивация береді. 

– Бүгінгі сайысқа 12-14 жас аралығындағы 6 баланы қатыстырып отырмыз. Негізінен жеңіл атлетикадан мүмкіндіктерімізді паш етеміз. Балалар жарысқа бірнеше ай бойы үздіксіз дайындалды. Ауданымызда мүмкіндігі шектеулі оқушылар үшін жағдай қарастырылған. Ал осындай ауқымда шараға алғаш рет келіп тұрмыз, – дейді жаттықтырушы. 

Жарыс қорытындылары бойынша «Бочча» бағдарламасысынан Өскемен қаласының «Жалын» командасы 1-орын иеленді. «Біз жеңімпаз боламыз» инклюзиялық командалық эстафетадан кіші санатта Ұланнан келген «Қырандар» командасы жеңімпаз атанса, үлкен санатта Күршім ауданының «Ақ сұңқар» командасы алға шықты. Сондай-ақ, «Жеңіл атлетика» бойынша кіші санатта Зайсан ауданының «Барыс» командасы мен аға санатта Глубокое ауданының «Қайсар» командасы жеңіс тұғырынан көрінді.

Айта кетейік, жарыс жеңімпаздарі Астана қаласында өтетін республикалық кезеңге жолдама алады. 

Қымбат МУХАМАДИЕВА 

Фотосурет автордікі

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив