A+ A A-

talgatzhan 65 21-11-2024, 15:23 0

Өскеменде Бибігүл Төлегенованың 95 жас мерейтойына арналған кеш өтті

Бүгін / Өскемен

«Шығыс Қазақстан облыстық филармониясы» КМҚК көрермендер залында өңір әкімінің симфониялық оркестрі Қазақстанның халық әртісі, КСРО халық әртісі әнші Бибігүл Төлегенованың 95 жылдығына арналған «Қазақтың бұлбұлы» атты концерт қойды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Қазақ музыкасының һәм қазақ елінің мақтанышы, әлемге әйгілі сопрано дауысының иесі, аңыз адам Бибігүл Төлегенованың биыл 95 жас мерейтойы. Ғаламның ән әлеміне танылған тұлғаның өнері бірнеше буынның жүрегін  баурап, даусы мен орындаушылық шеберлігі қазақ өнерін әлем сахнасына танытты. Бүгінде шығыс жерінде мәдениет майталманының мерейтойына арналған кеш өтті. Бас дирижер, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Александр Галсанов жетекшілік еткен облыс әкімінің симфониялық оркестрі осынау атаулы күнде қала тұрғындарына әннен шашу шашты.
Ән кешінде отандық және шетелдік композиторлардың операларынан ариялар, халық әндері, оркестрлік шығармалар орындалды. Әсіресе, қазақ әйелінің болмысымен үндескен оркестрлік шығармалар мен жанды дауыстағы әндер халықтың жүрегіне жол тапқандай.
– Мен бақытты адаммын. Осыдан бірнеше жыл бұрын Бибігүл Төлегеновамен бірге Опера театрында жұмыс істеу, дәрісін тыңдау бақыты бұйырыпты. Ол кісімен тек ауқымды шараларда ғана емес, дайындықта да жүздесетінбіз. Шынымен де, болмысы өте ерекше, нәзік, қайталанбас жан. Әріптестеріне әрдайым қолдау білдіріп, білгенімен бөлісуден еш жалықпайтын. Біз Бибігүл Ахметқызын тыңдауға, одан дәріс алуға асығатынбыз, –  дейді ҚР Еңбек сіңірген әртісі Вячеслав Ткач.
Облыстық филормония залында Бибігүл Төлегенованың замандастары көп болды. 
- Халық әртісінің дауысын алғаш радиодан естіген едік, міне қанша жыл өтсе де сол әсем дауыс құлаққа сіңіп қалған. Облыстық филомония әншілерінің Бибігүл Төлегенованың репертуарындағы әндерді нақышына келтіріп орындағандары қуантып отыр. Кеш өте әсерлі өтуде, - деді көрермен Сләмхан Құмарғазы.
Біртуар бұлбұл әншінің ән қоржынында қазақтың халық әндерімен қатар әлемдік музыка жауһарлары көптеп кездеседі.
– Бүгінгі шырқалып жатқан әндер, оркестр орындаған түрлі саздың барлығы Бибігүл апамыздың құрметіне арналады. Ол кісінің өнері, салып кеткен сара жолы көпке өнеге. Бибігүл Төлегенова – қазақ өнерінің шыңы. Хас талантқа тілерім – тек зор денсаулық, ұзақ ғұмыр. Біз, артынан келе жатқан әншілер, жас ұрпақ апамыздың өнерін дәріптеп, шабыт алып жүре берейік, – деді облыстық филормонияның солисті Абай Қайырбек.
Сондай-ақ кеш қонақтары қатарында «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Мәдениет қайраткері, профессор Альмира Нургожина, Мәдениет саласының үздіктері Жанат Бисимбаев. Айжан Мазкенова, Ботагөз Жұмабекова,  республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары Абай Қаирбек, Арника Байбусынова сынды өнер саңлақтары болды. Концерт соңында өскемендіктер аңыз адамның мәртебесіне орай ыстық ықыласпен қол соғып, облыстық филормония ұжымына алғыстарын білдірді.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив