ШҚО-да жылыту маусымында өрт қауіпсіздігі шаралары күшейтілді
[xfgiven_foto]Фото: [/xfgiven_foto]
Өңірде жылыту маусымында өрттің алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы кешенді жұмыстар жалғасып жатыр. Әсіресе жеке тұрғын үй секторына, пеш жағылатын үйлерге және қосымша қолдауды қажет ететін отбасыларға баса назар аударылуда, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жылыту маусымы басталғалы бері облыстың тұрғын үй секторында 65 өрт тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12 пайызға көп. Өкінішке қарай, өрт салдарынан бес адам қаза болған. Тіркелген өрттердің 28-і жеке тұрғын үйлерде, тағы 37-сі аулалар мен шаруашылық қора-жайларда болған.
Үкімет отырысында аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов өрт қаупін азайту мақсатында өңірде тұрақты түрде профилактикалық аралау жұмыстары жүргізіліп, тұрғындар арасында түсіндіру кездесулері ұйымдастырылып жатқанын атап өтті.
- Бүгінде мұндай іс-шаралар 27 мың тұрғын үй мен аулада өткізілді. 70 мың тұрғынға түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын отбасыларға ерекше көңіл бөлінуде. ШҚО-да пешпен жылытылатын, осы санаттағы отбасылар тұратын 2 758 үй есепке алынған. Олардың барлығы улы газды анықтайтын датчиктермен жабдықталған, - деді Нұрымбет Сақтағанов.
️Мұндай құрылғылардың тиімділігі іс жүзінде дәлелденген. Соңғы бес жылда өңірде 17 мыңнан астам датчик орнатылып, олардың дер кезінде іске қосылуының арқасында 42 адам аман қалды.
Жалғызбасты қарттар мен көпбалалы отбасыларға да нақты көмек көрсетілуде. Атап айтқанда, олардың үйлеріндегі мұржаларды тазалауға және пеш жабдықтарын жөндеуге жәрдем беріледі. Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау жөніндегі ұсынымдар тұрақты түрде жарияланып келеді. Бүгінге дейін осы бағытта 2,5 мыңға жуық ақпараттық материал жарық көрген.
Өртке қарсы қызметтің материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары да жалғасып келеді. Соңғы үш жылда жалпы құны 9 млрд теңге болатын 114 арнайы техника сатып алынған. Алтай ауданында әмбебап өрт сөндіру депосының құрылысы жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ Өскемен әуежайында авиациялық техникаға арналған ангар салынуда.
- Биылғы жылыту маусымында елімізде газ баллондарының жарылуына қатысты жеті оқиға тіркелген. Оған негізінен газ баллондарын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталмауы себеп болған. Қазіргі уақытта елімізде қолданыстағы 350 мыңға жуық тұрмыстық газ баллонының пайдалану мерзімі 50 жылдан асып кеткен. Оларды шұғыл түрде жаңарту қажет. Осыған байланысты Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне газ баллондарын өндіру ісін жолға қою тапсырылды. Қазіргі таңда Көкшетау қаласында осындай зауыт іске қосылды, - деді Премьер-министр Олжас Бектенов.
️Шығыс Қазақстанда өрттің алдын алу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Тексеру қорытындысы бойынша профилактикалық шараларды тиісті деңгейде ұйымдастырмағаны және бақылауды жеткілікті дәрежеде жүргізбегені үшін бірқатар лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылған.
Қабылданып жатқан шаралардың басты мақсаты - төтенше жағдайлардың алдын алу, тұрғын үйлерді өрттен қорғау және ең бастысы, адам өмірін сақтау. Сондықтан жылыту маусымында профилактикалық жұмыстарды күшейту, қауіп-қатерді дер кезінде анықтау және әр адамның өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауы аса маңызды.
Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз
Пікірлер