448.98 502.45 5.45
A+ A A-

Біртұтас халқымызды бөліп-жаруға мүлде болмайды – Президент

Біртұтас халқымызды бөліп-жаруға мүлде болмайды – Президент [xfgiven_foto]Фото: [/xfgiven_foto]

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында сөз сөйледі, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Президенттің сөзінше, ана тілі мәселесі – мемлекеттік, саяси және ұлттық маңызы бар тақырып.

- Баршаңызбен бірге Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында бас қосып отырғанымызға ризамын. Бүгінгі жиынның мән-мағынасы ерекше. Себебі Ана тілі мәселесі, бұл – мемлекеттік, саяси және ұлттық маңызы бар тақырып. Қазіргі таңда дүние жүзінде тіл өзекті, нәзік мәселеге айналып кетті. Бұл үрдіске бәріміз куә болып отырмыз. Ең алдымен, осы жерде сөз сөйлеп, мазмұнды ойларын ортаға салған азаматтарға алғысымды білдіремін. Салмақты пікірлер, ұтымды ұсыныстар айтылды. Соның бәрін мұқият қарап, алдағы жұмысымызда міндетті түрде ескеру қажет, - деді ол.

️Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ тілі» қоғамы – мемлекеттік тілдің мызғымас тұғырын нығайтып жүрген аса маңызды құрылым екенін атап өтті. 

- Сонау 1989 жылы іргесі қаланған ұйымның Егемен ел тарихындағы орны бөлек. Кезінде көрнекті ғалымдар – академиктер Әбдуәли Қайдар және Өмірзақ Айтбайұлының бастамасымен құрылған «Қазақ тілі» қоғамының тарихи жолын қазіргі буын өкілдері мен белгілі тіл мамандары лайықты жалғастырып келе жатыр. Бүгінде Ұйым мүшелері көптеген тиімді іс-шараларды, жасампаз жобаларды табысты жүзеге асыруда. Мен Мемлекет басшысы ретінде «Қазақ тілі» қоғамының әр мүшесіне шынайы ризашылығымды білдіремін. Заңғар жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Тіл мерейі – ел мерейі» деген қысқа-нұсқа, мағынасы терең сөзі бар. Тіл – баршамызға ортақ құндылық. Тіл – Алланың құдіретінің арқасында адамдарға берілген үлкен сый әрі мүмкіндік. Тіл – адамзаттың негізгі жетістігі. Адам баласының ойдағыдай дамуының ең басты себебі де – тіл. Біз өркениетті ел ретінде ана тіліміз – қазақ тілінің абырой-беделін арттыру үшін бір ел болып табанды жұмыс істеуіміз керек. Бүгінгі жиынның басты мақсат-міндеті де – осы, - деді Мемлекет басшысы.

Мазмұны айрықша Конституция да Әділетті Қазақстанды құру ісіне заң тұрғысынан жол ашты.

- Қазақ тілі» қоғамының бұл құрылтайы шын мәнінде тарихи сәтте, яғни, қасиетті Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығының қарсаңында өтіп жатыр. Қазақстан Егемендік жолының осындай айтулы межесіне беделі биік, болашағы жарқын ел ретінде қадам басып отыр. Тәуелсіздік туын көтергелі бері халқымыз көптеген белесті абыроймен еңсерді. Біртұтас ұлт болып, мемлекеттігіміздің іргетасын қалады және оны нығайта түсті. Берекелі бірлігіміздің арқасында біз соңғы жеті жыл ішінде ауқымды реформаларды табысты іске асырдық. Ел өмірінің барлық саласында түбегейлі өзгерістер жасап, тың бастамалар көтердік. Ең бастысы, халқымыздың темірқазығына айналған қастерлі құжат – Конституциямызды қабылдадық. Мазмұны айрықша Конституция Әділетті Қазақстанды құру ісіне заң тұрғысынан жол ашты. Енді Конституцияға сәйкес еліміздің Тәуелсіздігін, Егемендігін, кең байтақ жеріміздің тұтастығын, азаматтарымыздың заңды құқықтарын және бостандықтарын қорғау мемлекетіміздің басты, тіпті, қастерлі міндеті саналатын болды деп айтсақ, қате болмас. Баршамызға Тәуелсіздік – бәрінен қымбат асыл дүние. Тәуелсіздік болмаса, біздің халқымыздың келешегі тығырыққа тірелетіні анық. Сондықтан Тәуелсіздікті қорғау әрі нығайту – ең қасиетті борыш, ең қастерлі парыз! - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының сөзінше, Конституциямызда елдің тамыры терең тарихы мен бітім-болмысы, болашақтағы бейнесі айқындалды.

- Бірақ, ашығын айтуымыз керек, Егемендігімізді қорғауға қатысты мәселенің бәрі толығымен шешімін тапты десек, үстірт пікірге тең болар. Алдымызда ауқымды және кезек күттірмейтін, маңызды әрі күрделі міндеттер тұр. Халықаралық ахуалды көріп-біліп отырсыздар. Әлемде саяси, экономикалық, идеологиялық шиеленістер ушығып тұр. Осындай алмағайып кезеңде әлемнің болашағын болжау өте қиын екені түсінікті. Мұндай заманға біздің бір ғана жауабымыз бар. Бұл – бірлігімізді бекемдеп, ортақ мүддеге күш жұмылдырып, ұлттық жауапкершілігімізді терең сезіне отырып, қасиетті Отанымыз – Қазақстан Республикасына адал қызмет ету. Түптеп келгенде, Егемендікті нығайту – халықтың әл-ауқатын арттыру, жаңа технологияларды жетік меңгеру, заңды құрметтеу, тәртіпке бағыну, өзара жанашыр, еңбекқор, жасампаз болу, табиғатты аялау деген сөз. Біз осы міндеттерді табысты орындасақ, жаһан өркениетінің төрінен лайықты орын аламыз. Сондықтан Конституцияда қазіргі заман талабына сай білім мен ғылымды, инновацияны, адам капиталын дамыту мемлекеттің стратегиялық міндеті ретінде бекітілді. Ұлтымыздың бас құжатында, яғни Конституциямызда еліміздің тамыры терең тарихы мен бітім-болмысы, болашақтағы бейнесі айқындалды. Атап айтқанда, мемлекеттік тіл – қазақ тілінің конституциялық мәртебесі тайға таңба басқандай жазылды, - деді ол. 

Конституцияда «Тәуелсіздік» және «Егемендік» сөздері бас әріппен жазылатын болды. 

- Конституция мәтінін жазуға өзім де тікелей атсалыстым. Әр сөзіне мұқият қарап, әр бабына ерекше назар аудардым. Мен үшін бұл – ең алдымен азаматтық парыз. Мәселен, Конституцияда біз халқымыз үшін киелі «Тәуелсіздік» және «Егемендік» сөздерін бас әріппен жазатын болдық. Мұның терең мәні бар. Біз осылайша әрбір ұғым-түсінікке үлкен жауапкершілікпен қарап, тұтас қоғам санасына, әсіресе, өскелең ұрпақтың бойына елдік қасиеттерді сіңіреміз. Жалпы, Конституция халқымыздың дүниетанымына және озық заңнама талаптарына сай жазылды. Қазақстанның Конституциясы кәсіби тұрғыдан өте сапалы дайындалған құжат деп күмәнсіз айтуға болады. Осы ауқымды жұмысқа білікті заңгерлермен қатар, филология саласының тәжірибелі ғалымдары мен қазақ тілі мамандары да белсене қатысты. Мұның бәрі қазіргі қазақ тілінің әлеуеті мен күш-қуатының айқын көрінісі екені сөзсіз. Қазақ тілі Тәуелсіздігіміздің мызғымас символы, Отанымыздың мемлекеттік тілі, ұлтымыздың мәңгілік жаны ретінде қабылдануы қажет. Басқа көзқарастың болуы мүмкін емес. Сондықтан қазақ тіліне сыйластықпен қарау бұл – азаматтық, адами борыш. Ал парыз қаншама қастерлі болса да, оның мықты негізі болуы керек. Біз экономикасы дамыған, инновациясы мен технологиясы үздік, әлем жұртшылығы мойындаған, өркениетті, мықты мемлекет болсақ, қазақ тілі де қуатты тіл болатыны анық. Мемлекеттің беделі артқан сайын, мемлекеттік тілдің де абыройы күшейеді. Бұл – ақиқат. Бүгінде балабақша мен мектептерде балалардың басым бөлігі қазақ тілінде тәлім-тәрбие алып жатыр. Биыл мектепке барған оқушылардың 71 пайызы қазақ сыныптарына қабылданды. Колледждер мен университеттерде қазақ бөлімдерінің саны көбейді, - деді Мемлекет басшысы. 

Мақаламен бөлісу:
Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив