Өңірде әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру және білім беру саласының материалдық-техникалық базасын нығайту бағытындағы жұмыстар жалғасуда, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Белгілі болғандай, биыл ШҚО Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы бес әлеуметтік нысандағы құрылыс жұмыстарын аяқтады. Бұл туралы басқарма басшысы Ерназ Мұқатаев мәлім етті.
- Денсаулық сақтау саласындағы маңызды жобалардың бірі - Өскеменде Гематология орталығының құрылысы аяқталды. Қазақстанда теңдесі жоқ бірегей медициналық орталық заманауи диагностикалық және емдеу жабдықтарымен қамтамасыз етілген. Орталыққа жеткізілген жабдықтардың жалпы құны - 41,6 млрд теңге. Оның ішінде 36,2 млрд теңгеге медициналық, 5,4 млрд теңгеге технологиялық жабдықтар сатып алынған. Олардың қатарында Brilliance iCT компьютерлік томографы, Ingenia Ambition (1.5T) магниттік-резонанстық томография жүйесі, Azurion 7 B20 (15) және Azurion 5 M20 ангиографиялық жүйелері, CombiDiagnost R90 рентгендік диагностикалық жүйесі бар. Нысандағы құрылыс-монтаж жұмыстарына 42,7 млрд теңге жұмсалды, - деді Ерназ Ерланұлы.
Бұдан бөлек, Зайсан ауданының Қаратал ауылындағы дәрігерлік амбулатория, Алтай ауданының ауданаралық ауруханасы аумағында магниттік-резонанстық томография аппаратын орналастыруға арналған ғимарат, Өскемендегі облыстық аурухананың реанимация бөлімшесі ғимаратының бір бөлігін қайта жаңғырту жұмыстары аяқталып, нысандар пайдалануға берілді.
- Риддерде 600 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Білім ордасының құрылысы «Қазцинк» ЖШС қаражаты есебінен жүзеге асырылды. Жыл соңына дейін тағы екі медициналық нысан пайдалануға беріледі, - деді басқарма басшысы.
Аталған нысанның біріншісі – Өскемендегі Ана мен бала орталығының стационар ғимаратын перзентхана ретінде қайта жаңғырту және қайта жабдықтау жобасы. Қазір онда әрлеу, электр монтаждау, санитарлық-техникалық жабдықтарды орнату, желдету жүйесін жүргізу және тазалау жұмыстары атқарылуда.
Екінші жоба – ШҚО Көпсалалы Онкология және хирургия орталығы хирургиялық корпусының 1–3-қабаттарындағы бөлімшелерді жаңғырту. Қазір медициналық жабдықтар мен жиһаздарды жеткізу және орналастыру жұмыстары жүргізілуде.
Пікірлер