Бүгін Шығыс Қазақстан облыстық филармониясында “Туған жер - алтын бесігім” жобасы аясында Шемонаиха ауданының гала концерті ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Мәдени кешке аймақ басшысы Ермек Көшербаев келіп, аудан тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін көрмені тамашалады. Онда қылқалам шеберлерінің туындылары, кен орындарында өндірілетін материалдар мен тарихи кітаптар қойылды. Сондай-ақ ерекше киінген аниматорлар көпшілік назарын аударды.
Шемонаиха ауданының әкімі Григорий Акуловтың сөзінше, мұндай шара мәдениет саласын дамытуда зор рөл ойнайды.
- Бүгін біз кеш қонақтарын Шемонаиха ауданының тыныс-тіршілігімен, салт-дәстүрімен және дарынды тұлғаларымен таныстырғымыз келеді. Аудан аумағындағы көрнекті жерлердің бірі саналатын Мариян жартасы туралы да баннер қойылған. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне де дайындықпен келдік. Ертең қала тұрғындары мен қонақтары ірі қара, жылқы, қой мен құс етін сатып ала алады. Ауданда шығарылатын барлық өнім түрлері ұсынылатын болады, - деді ол.
Концерттік бағдарлама ән мен биге толы болды. Шемонаихадан келген өнерпаздар тобы “Мәңгілік ел” атты хореографиялық қойылым қойды. Сахна төрінде Дәулеткерейдің “Кероғлы” күйі күмбірлеп, дәстүрлі және замануи әндер шырқалды. Концерт соңында барлық қатысушы “Отан” әнін орындап, залда отырғандардың ыстық ықыласына бөленді. Осылайша, жұма кешінде өскемендіктер бір серпіліп қайтты.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Пікірлер