ШҚО спортшылары жеңіс тұғырында: «Торпедо» мен «BEREL» көш бастаса, боксшылар бірінші орынмен оралды
[xfgiven_foto]Фото: [/xfgiven_foto]
Шығыс Қазақстан спортшылары ел чемпионаттарында жоғары нәтижелер көрсетіп, өңір мерейін үстем етіп жүр. Өскеменнің «Торпедо» хоккей клубы Қазақстан чемпионатында көш бастап келеді. Ал BEREL волейбол клубы әйелдер арасындағы Ұлттық лигада әзірге бірде-бір рет жеңілмей, бірінші орында тұр. Жуырда ел чемпионатында алты медаль жеңіп алған шығысқазақстандық боксшылар да өңірге жеңіспен оралды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өскемендік «Торпедо» жанкүйерлерін кезекті жеңісімен қуантты. Pro Hokei Ligasy тұрақты чемпионаты аясында елордада жергілікті «Номад» командасымен кездескен торпедолықтар қарсыласынан 3:2 есебімен басым түсті.
Ойын тартысты өтті. Алғашқы кезеңде командалар бір-бірінің қақпасына екі шайбадан соғып, есепті тең ұстады. Екінші кезеңде таблодағы көрсеткіш өзгерген жоқ. Ал шешуші кезеңнің жетінші минутында Федор Хорошев жеңіс шайбасын соғып, өскемендік клубқа маңызды екі ұпай сыйлады. Олжалы сәтте Артур Гатиятов пен Саян Данияр нәтижелі пас берді.
Осылайша, «Торпедо» турнирлік кестедегі көшбасшылық орнын нығайтып, 54 ұпаймен бірінші орында келеді. Енді команда 24 қарашада «Номадпен» тағы бір мәрте кездеседі.
Аймақтың спорттағы жетістігі мұнымен шектелмейді. Әйелдер арасындағы волейболдан Қазақстан чемпионатының Ұлттық лигасында өнер көрсететін Өскеменнің «BEREL» клубы да үздіктер қатарынан көрініп жүр. Команда 23 ұпаймен турнир кестесінде көш бастап келеді. Әзірге чемпионатта бірде-бір рет жеңіліс таппаған жалғыз ұжым – осы «BEREL».
Бұл нәтижелер өңірде командалық спорт түрлерінің жүйелі дамып келе жатқанын көрсетеді. Мәселен, Шығыс Қазақстан облыстық олимпиадалық резерв мектебінде бүгінде 526 бала мен жасөспірім хоккеймен айналысады. Олардың дайындығына 36 жаттықтырушы жауапты. Мектеп тәрбиеленушілері Қазақстан чемпионатына сегіз жас санатындағы командамен қатысады. Қыздар арасында да төрт жас тобында командалар ел біріншілігінде бақ сынайды.
2025/2026 жылғы маусымда 2009, 2010, 2011 және 2013 жылы туған балалар Қазақстан чемпионатының жүлдегерлері атанды. Сонымен қатар төрт хоккейші 18 және 20 жасқа дейінгі Қазақстан ұлттық құрамаларына шақырту алды.
Спорттағы тағы бір сүйінші жаңалық - шығысқазақстандық боксшылардың ел чемпионатындағы табысы. Еске салсақ, 15-22 қараша аралығында Астанада жастар арасында бокстан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Жарыста облыс құрамасы алты медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды.
23 қарашада жеңімпаздар мен жүлдегерлер Өскеменге оралды. Әуежайда оларды ата-аналары, спортшылар, жанкүйерлер мен бапкерлер күтіп алды. Жеңімпаздарды құшақ жая қарсы алған жұртшылық жас боксшылардың жетістігіне ортақтасып, оларға алдағы жарыстарда да толағай табыс тіледі.
Айта кетейік, бокс - Шығыс Қазақстанда басым бағыттардың бірі. Аймақта жас спортшыларды даярлау, олардың шеберлігін шыңдау және спорт резервін қалыптастыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді.
- Хоккейдегі көшбасшылық, волейболдағы жеңіліссіз серия және бокстағы жалпыкомандалық жеңіс - Шығыс Қазақстан спортының әлеуетін айқын көрсететін нәтижелер. Бұл жетістіктердің артында спортшылардың табанды еңбегі, жаттықтырушылардың кәсібилігі және жанкүйерлердің қолдауы тұр, - делінген баспасөз қызметінің мәліметінде.
Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
Тіркелу
Пікірлер