Бүгін облыс әкімдігінің отырысында ШҚО Ветеринария басқармасының басшысы Рамиль Сағандықов өңірдің ветеринариялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы бірқатар ақпарат ұсынды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Биыл өңірдің ветеринариялық әл-ауқатын арттыру үшін 2,2 миллиард теңге қарастырылған. Оның 1,6 миллиарды эпизоотияға қарсы шараларға арналған. Облыста барлығы 99 ветеринариялық пункт пен 11 коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын бар, онда 556 қызметкер жұмыс істейді. Дегенмен өңірде аталған сала кадрларына тапшылық байқалады.
- Ветеринария саласында жұмыс істейтіндердің төмен жалақысы тағы бір мәселеге айналды. Мамандық ең аз жалақы алатын ондыққа кіреді, ол өз кезегінде кадр тапшылығына себеп болып отыр. Қазіргі таңда жоғары білімі бар меңгерушілер саны 56 пайызды, ал білікті кадрлардың үлесі 58 пайызды құрайды, - деді Рамиль Сағандықов.
Басқарма басшысының айтуынша, бұл мәселені шешу үшін материалдық-техникалық базаны жақсарту, жалақыны арттыру, жұмыс көлемінің бірыңғай нормасы мен ветеринариялық қызметтің прейскурантын әзірлеу, өзге де сала мамандарын тартып, кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүргізу сынды шараларды қолдану керек.
Жиын соңында облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов Ветеринария басқармасына, қала, аудан әкімдіктеріне Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасымен бірігіп, ветеринариялық-санитариялық объектілерді дамытудың 2025-2027 жылдарға арналған жоспарын әзірлеуді тапсырды.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Пікірлер