Қалалық полиция басқармасының мәліметінше, биыл жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бес бағдаршам орнатылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Оның екеуі бау-бақша қоғамында, екеуі жолдарды қайта жаңғырту жобалары бойынша қойылды. Тағы төрт бағдаршам жаңартылды.
Өскемен қалалық әкімшілік полиция бөлімінің басшысы Марат Айдархановтың сөзінше, облыс орталығында барлығы 413 белгі ауыстырылды, тағы 105 жол белгісі орнатылып жатыр.
-Әкімшілік полиция қызметкерлері жол қозғалысын ұйымдастыруды өзгерту жөнінде тұрғындардан келіп түскен 38 өтінішті қарады. Нәтижесінде 50-ден астам жол белгісі орнатылып, сегіз бағдаршамның жұмысы реттелді, - деді Марат Айдарханов.
Сондай-ақ биыл қаладағы жол желілеріне 63500 шаршы метр жол сызбасы салынды. Қалада 32 612 жарық нүктесі бар. Биыл тұрғындардың сұранысы бойынша 29 уаскеде жарықтандыру жүргізіліп, 3667 шам қалпына келтірілді.
Жыл басынан бері қаланың жол желілеріне 550 зерттеу жүргізілді. Нәтижесінде көшелер мен жолдарда анықталған кемшіліктерді жою жөнінде 645 ұйғарым шығарылды.
Жол мен техникалық құралдарды дұрыс ұстамағаны үшін жол-коммуналдық ұйымдардың 44 лауазымды және заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Пікірлер