Бүгін облыс орталығында “Туған жер – алтын бесігім” жобасы аясында Зайсан ауданының мәдени күндері басталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Мәдени шараға аймақ басшысы Ермек Көшербаев келді. Ол көрмеде ұсынылған ауыл шаруашылығы өнімдері мен қолөнер бұйымдарымен танысып, өз бағасын берді.
- Өздеріңіз көріп тұрғандай, фойеде ауданда шығарылатын өнімдерді алып келдік. Жалпы бізде мал және өсімдік шаруашылығы жақсы дамып келе жатыр. Былтырғымен салыстырғанда мал басы көбейді. Бұл аудан экономикасына әсер етіп, оң нәтиже беруде, - дейді Зайсан ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайрат Каримов.
Сондай-ақ көрмеге ауданда өндірілетін шикізаттар мен құрылыс материалдары, әдеби кітаптар, түрлі тақырыпта салынған картиналар, ағаштан жасалған бұйымдар қойылды.
Ал гала концерт “Мұрагер” ұлт-аспаптар оркестрінің орындауындағы “Шабыт” шығармасымен басталды. Зайсандық Жанар Тоқтасынова, Жазира Қыдырмоллаева, Наурызхан Иісбек, Айнұр Қалиева, Айман Сырғабаева, Ақерке Ризабекқызы, Кәмшат Құрманғалиева, Елжас Қымбатов, Ақбота Нұрашева сынды солистер әннен шашу шашты. Мереке барысында аудан дамуына үлес қосып жүрген азаматтардың есімі аталып, жетістіктеріне шолу жасалды.
Шара соңында барлық өнерпаз “Отан” әнін орындап, көрермен атынан ықылас гүлі ұсынылды.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Пікірлер