
28 қараша күні облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов Риддерге іссапармен барып, тұрғындармен кездесу өткізді. Қаладағы мәдениет үйіне қала әкімі Думан Рахметқалиев, жауапты басқарма өкілдері мен жергілікті тұрғындар қатысты. Жиында шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен жаңа бастамалар талқыланды. Риддерліктер Нұрымбет Аманұлының жеке қабылдауында болып, көкейдегі сұрақтарын қойды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
20,5 мың турист келді
- Риддер - облыстағы жақсы дамып келе жатқан қалалардың бірі. Қазіргі таңда қала бюджеті 20,2 миллиард теңгені құрайды. Оның 48%-ы (9,7 миллиард теңге) өз кірісі болса, 50%-ы (10,1 миллиард теңге) трансферт пен несиеден тұрады. Бұл ретте қаланың меншікті кірісінің 20,6%-ын (2,0 миллиард теңге) «Риддер Полиметалл» ЖШС, «Казцинк» ЖШС және «ВостокСтройКапитал» ЖШС сияқты жеке кәсіпорындар құрайды. 2024-2028 жылдар аралығында экономикалық дамуға арналған 50 жобаны жүзеге асыру үшін 119,1 миллиард теңге бөлінбек. Оның ішінде 49 миллиард теңге бюджет есебінен қарастырылады, - деді ол.
Белгілі болғандай, биыл қаладағы автомобиль жолдары мен өткелдерді жөндеу мен ұстауға 723,3 миллион теңге қарастырылған. Өңдеуші өнеркәсіп көлемі 134,5 миллиард теңгені құраса, тау-кен өнеркәсібі бойынша бұл көрсеткіш 257,7 миллион теңгеге жетті. Сондай-ақ осы сала бойынша 20,1 миллиард теңгеге 5 жобаны іске асыру жоспарланып отыр.
Нұрымбет Сақтағанов тұрғын үй мәселесіне де көңіл бөлді. Биыл өңірде 1 441 отбасыға, соның ішінде Риддер қаласындағы 10 отбасыға баспана кілті табысталмақ. Оған қоса, «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы шеңберінде халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын және көпбалалы отбасылар үшін екі пәтерлі бес тұрғын үй салынуда. Ал «Казцинк» ЖШС есебінен 60 пәтерге арналған 9 қабатты үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр.
Облыс әкімі бірінші орынбасарының сөзінше, биыл Риддердегі су тасқынына қарсы шараларға 53,7 миллион теңге бөлінген. Ал 2025 жылға тасқынның алдын алу үшін 40 миллион теңге қарастырылып отыр.
- Өздеріңіз білетіндей, былтыр Риддердегі жылу электр орталығын жөндеуге 7,5 миллиард теңге бөлінді. Ал осы жылы оны қалпына келтіру үшін 8,6 миллиард көзделген. Осылайша, Риддер ЖЭО-ның тозуы 17,7%-ға, ал қаладағы жылу желілерінің тозуы 12,3%-ға қысқармақ, - дейді Нұрымбет Аманұлы.
Шығыс Қазақстан – туризмді дамыту үшін әлеуеті зор аймақтардың бірі. Риддердің тұмса табиғаты мен орналасқан жері ауылдық және медициналық туризмді жандандыруға мүмкіндік бермек. Белгілі болғандай, биылғы жартыжылдықта мұнда 20,5 мың турист келген, бұл өткен жылғымен салыстырғанда 23,3%-ға артық.
- Риддерде барлығы 38 туристік нысан бар. Атап айтқанда, 12 қонақүй, 23 қонуға арналған орын, «Эдельвейс», «StardustCamp» сынды 2 тау шаңғы базасы, балалар лагері мен «Арт-изба» қонақ үйі жұмыс істеп тұр. 2028 жылға дейін жалпы құны 2,4 миллиард теңгеге 6 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр, - деді ол.
Білім беру саласы жайлы да бірқатар бастама көтерілді. Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылға дейін облыста 7 мың орынға арналған 20 мектептің құрылысын аяқтау жоспарда бар. Оның ішіндегі 4,2 мың орынға арналған 10 білім беру мекемесі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қолға алынбақ.
- Бүгінгі таңда 3000 орынға арналған 7 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде Риддердегі 600 орындық білім ордасы бар. Ол «Казцинк» АҚ жеке қаражатынан салынбақ. Балаларды мемлекеттік тілде оқытатын мектеп 2025 жылы қолданысқа берілмек. Сондай-ақ келер жылы 1200 орынға арналған тағы 3 мектептің құрылысын бастау көзделіп отыр. Ал жөндеу жұмыстарына келетін болсақ, былтыр Риддердегі 5 нысан 89 миллион теңгеге қалпына келтірілді. Биыл 119 миллион теңгеге 9 мектептің жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Оған қоса, 46,5 миллион теңгеге 4 жаңа жабдықталған кабинет сатып алынбақ, - деді Нұрымбет Сақтағанов.
Тұрғындармен кездесу барысында спорт та назардан тыс қалмады. Анықталғандай, қазір Риддерде барлығы 86 спорттық нысан бар. Оның ішінде 35 ашық спорттық алаң, 21 спорт залы, 11 хоккей алаңы, 10 шаңғы базасы, 2 жүзу бассейні, БЖСМ, стадион, дене шынықтыру-сауықтыру кешені, атуға арналған тир, теннис корты бар. Ендігі кезекте 100 көрерменге арналған трибунасы бар дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу қарастырылған. Сондай-ақ секіру мен шаңғы қоссайысынан спортшыларды дайындауға арналған арнайы орын ашылмақ.
Айта кетейік, Риддер халқының 99,6%-ы интернетпен қамтамасыз етілген. Қалған бөлігі ғаламторға кезең-кезеңімен қосылатын болады. Сондай-ақ қаладағы 3 білім беру мекемесінде «Starlink» желісі орнатылған.
Жаңа аурухана ашылады
Қала тұрғындарымен есеп беру кездесуінен кейін облыс әкімінің бірінші орынбасары салынып жатқан жаңа көпсалалы аурухана кешенінің құрылысымен танысты. Риддер қалалық ауруханасының бас дәрігері Гүлнар Кітаппаеваның айтуынша, жаңа нысан 500 орынға, ал стационар 200 орынға арналмақ.
- Құрылыс жұмыстары бір күнге де тоқтаған емес. Бұл аурухананың ашылуын тек дәрігерлер емес, қала тұрғындары да асыға күтуде. Айта кететін жайт, емхана жаңа құрал-жабдықпен толығатын болады. Қазір кадр тапшылығы мәселесі де ретке келтіріліп жатыр. Осы ретте 45 жаңа жұмыс орны қарастырылмақ. Оның ішінде орта медициналық қызметкерлер, реабилитолог пен геронтолог мамандар жұмысқа алынады. Реабилитология және инсультік бөлімшелері ашылады, - деді ол.
Естеріңізге салсақ, “Элхон” ЖШС құрылыс жұмыстарын 2021 жылдың желтоқсанында бастаған. Қазіргі таңда нысан 85%-ға дайын. Ресми ақпаратқа сүйенсек, құрылыс жұмыстарына 34,8 миллиард теңге қарастырылған. Қазір оның 6,6 миллиарды игерілген (4,6 миллиард теңгесі жергілікті бюджеттен бөлінді). Енді 28,2 миллиард теңге қажет. Облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов қаржының арнайы мемлекеттік қордан қарастырылатынын және жаңа аурухананың медициналық қызмет көрсету сапасының артуына үлес қосатынын айтты. Айта кетейік, нысан 2025 жылы қолданысқа берілмек.
Ауыл шаруашылығы дамуда
Бұдан соң Нұрымбет Сақтағанов аймақтағы ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіп иелерімен кездесіп, жағдайды өз көзімен көріп қайтты. Мәселен, Риддердегі «Дудкин А.С.» шаруа қожалығы көкөніс пен мал басын өсірумен айналысады. Қожалық иесі Александр Дудкиннің айтуынша, қожалық бір жылдың ішінде 3000 тонна картоп, 200 тонна сәбіз бен 3 тонна қызанақ өнімдерін шығарады.
- Тауарды Өскемендегі «Дина» сауда базары мен Риддердегі дүкендерге апарып, сатылымға шығарамыз. Өзіміздің сүт фермамыз да бар. Барлығы 1 011 мал басын ұстап отырмыз. Оның ішінде 435 ірі қара бар. Сауылған сүтті «Восток Молоко» корпорациясына өткіземіз. Қазір қожалықта 25 адам жұмыс істейді. Болашаққа барлық бағыт бойынша жоспар көп. Әкімдік тарапынан қолдау бар. Бірақ жастар арасында жұмысқа келгісі келетіндер аз, - дейді қожалық басшысы.
Осы ретте Нұрымбет Аманұлы мұндай бастамалардың өңір әл-ауқатын жақсартып, ауылдарда жаңа жұмыс орындарын ашу үшін маңызы зор екенін атап өтті.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Фотосурет автордікі
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер