A+ A A-

talgatzhan 72 10-12-2024, 15:00 0

ШҚО әкімі белсенді жастармен кездесті

Бүгін / ШҚО

Бүгін Шығыс Қазақстан облыстық филармониясында «Jastarmen birge» жыл үздіктерін марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

Өңір басшысы Ермек Көшербаев белсенді жастармен кездесіп, бірқатар мәселені көтерді. Әр салада үздік нәтижелерге қол жеткізіп, облыстың дамуына үлес қосып жүргендер өз ойларымен бөлісіп, алдағы жоспарларды талқылады. ШҚО Жастар ресурстық орталығының директоры Айдос Әділбековтың айтуынша, мұндай шаралардың жастар үшін маңызы зор. 
- Бүгін облыстағы кәсіпорын жұмысшылары, кретивті және шығармашыл жастар, волонтерлер бас қосып отыр. Түрлі тақырыптарды талқылап, жыл көлемінде атқарылған жұмыстарға шолу жасалды. «Таза Қазақстан» жобасының қорытындысы, жұмыссыз жастар мәселесі мен лудомания, нашақорлық туралы айтылды. Бұдан бөлек, жылдың үздіктері марапатталды, - деді ол. 
Аймақ басшысы жастардың бастамаларымен танысып, әрқайсымен жеке әңгімелесті. Мәселен, «Obtain academy» тіл үйрету орталығының негізін салушы Анель Уатханова тіл мәселесін қозғады. Ал облыстық пікірсайыс қозғалысының жетекшісі Жігер Сәрсембаев жастардың дебатқа деген қызығушылығы туралы әңгімелеп, TedX форматында шаралар ұйымдастыру қолға алынатынын жеткізді.  
Шара соңында жалынды жастарға бірнеше аталым бойынша «Шығыс Қазақстан облысы әкімінің мемлекеттік жастар саясатын дамытуға қосқан үлесі үшін» сыйлығы мен 300 мың теңге көлемінде сертификат табысталды. 
«Жыл көшбасшысы» номинациясының жеңімпазы – «Серпін» жобасының қатысушысы, Сәрсен Аманжолов атындағы университеттің жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы Дінмұхаммед Серікбай;
«Еңбек адамы» номинациясының жеңімпазы – Өскемен титан-магний комбинатының өнімді өткізу бөлімінің бас маманы Таир Куралбаев;
«Жыл қаһарманы» номинациясының жеңімпазы – ШҚО ТЖД Шемонаиха қаласы №28 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші - құтқарушысы Думан Кенжебеков;
«Жыл бастамасы» номинациясының жеңімпазы – Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ студенті, «Jastar energy» жастар қозғалысының негізін салушы, «100 үздік студент» конкурсының жеңімпазы Леонид Измайлов;
«Жыл волонтері» номинациясының жеңімпазы – Ұлан ауданындағы волонтерлік орталықтың белсендісі, оқу озаты Мелс Ерланұлы.
Сондай-ақ жұмысшы жастар арасында облыстық «Қайратты жастар» фестивалінің жеңімпаздары марапатталды. Согра жылу электр орталығы, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы, «Шығыс түсті металдар» ЖШС жұмысшы жастар командасы қатысқаны үшін сыйлыққа ие болды. 
Жүлделі 3 орын мен 300 мың теңге сертификатты «Казцинк» компаниясы жұмысшы жастарының тобы қанжығаларына байласа, 2 орын мен 500 мың теңге сертификатты Үлбі металлургия зауытының жастары иеленді. «Қайратты жастар» фестивалінің жеңімпазы ретінде Өскемен жылу электр орталығының жұмыс жастар командасы марапатталып, 700 мың теңгеге сертификат табысталады. 
Ал «Мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға қосқан үлесі үшін» Алғыс хатымен ҚР Президенті жанындағы жастар саясаты жөніндегі Кеңес мүшесі, Өскемен қалалық мәслихат депутаты Бақытжан Ерболқызы, ҚАЕУ-ның Құқық және халықаралық қатынастар кафедрасының аға оқытушысы Савелий Александрович, «Есірткісіз болашақ» қорының жетекшісі Ләйлә Төлеубекова, Шемонаиха ауданы еріктілер орталығының жетекшісі Маргарита Савинова мен «Қоғамның экологиялық даму орталығы» ҚБ басшысы, эко-белсенді Танир Ясса марапатталды.

Қымбат МУХАМАДИЕВА

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив