A+ A A-

talgatzhan 68 19-12-2024, 09:20 0

Зейнетақы мен жәрдемақы өсе ме?

Бүгін / Басты / ШҚО / Өзекті мәселе

«2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңы жобасына сәйкес, 1 қаңтардан бастап Қазақстанда есептік көрсеткіштер өзгереді. Оның ішінде ең төменгі жалақы мен АЕК (МРП) те бар. Сайт тілшісі бұл өзгерістердің зейнетақы көлеміне қалай әсер ететінін анықтап көрді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 


Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті ШҚО бойынша департаментінің мәліметінше, есептік көрсеткіштердің өзгеруіне байланысты 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде зейнетақы мен әлеуметтік төлемдердің көлемі ұлғаяды деп күтілуде.

«2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасына сәйкес келесі жылы келесі көрсеткіштер қолданысқа енгізіледі:

  • ең төменгі жалақы – 85 000 теңге;

  • айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 3 932 теңге;

  • мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 32 360 теңге;

  • зейнетақының ең төменгі мөлшері – 62 771 теңге;

  • базалық әлеуметтiк төлемдердiң (БӘЖ) мөлшерiн есептеу үшiн күнкөрiс минимумы – 46 228 теңге.

Зейнетақы қаншаға көбейеді?

Базалық есептік көрсеткіштердің өсуінен кейін зейнетақы көлемі де артады. Қазіргі таңда елдегі зейнеткерлер үшін берілетін төлемдер үш құрамдас бөліктен тұрады: ынтымақты (1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілін ескере отырып), базалық (жалпы еңбек өтілін есепке алынады) және жинақталған (зейнетақы шотында жинақталған сомаға байланысты).

Базалық төлем

Қазіргі таңда мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері зейнетақы жүйесіндегі қатысу өтілі 10 жыл немесе одан аз уақытты құраса, қатысу өтілі мүлдем болмаған жағдайда беріледі. 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап төлемді есептеудің ең төменгі мәні 70 пайызға жетеді (2023 жылы – 60 пайыз, 2024 жылы – 65 пайыз). Зейнетақы жүйесіне қатысудың әрбір қосымша жылы үшін (он жылдан астам) коэффициент екі пайызға артады.

- Бұл 2025 жылдың 1 қаңтарына дейін зейнетке енді шыққандарға да, бұрын шыққандарға да қатысты, - деді ҚР Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің ШҚО бойынша департаментінің өкілдері.

Төлем лимитінің жоғарғы шегі де өзгереді. Егер 2024 жылы ол күнкөрiс минимумының 105 пайызына теңестірілсе, келесі жылы 110 пайызға артады.

Айта кетейік, Қазақстанда 2023 жылдан бастап базалық зейнетақы төлемін есептеудің төменгі және жоғарғы пайыздық шектері кезең-кезеңімен көтеріліп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасады.

Осылайша, 2026 жылдың 1 қаңтарында ең төменгі және ең жоғары коэффициенттер сәйкесінше 70 және 118 пайыз деңгейінде белгіленеді.

Ал 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі және ең жоғары коэффициенттер сәйкесінше 70 және 120 пайызды құрайды.

Ынтымақты төлем

Толық жасына байланысты зейнетақы 1998 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыстағы үзілістерге қарамастан қатарынан кез келген үш жыл ішіндегі орташа айлық табыстың 60 пайызы мөлшерінде есептеледі. 1998 жылдың 1 қаңтарына дейiн жұмыс iстеген әрбiр толық жыл үшiн талап етiлетiн еңбек өтiлi үстінен төлемақы бiр пайызға өседi. Алайда ол зейнеткердің жасына байланысты зейнетақы төлемдерін есептеу үшін есепке алынатын табыстың 75 пайызынан аспауы керек.

- Жаңадан тағайындалған жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу үшін ескерілетін ең жоғары табыс 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап 55 АЕК (216 260 теңге) құрайды, - делінген ҚР Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің ШҚО бойынша департаментінің мәліметінде.

Зейнетақы төлемдерінің мөлшерін жасына байланысты (еңбек өтіліне де байланысты) арттыру республикалық бюджет туралы заңда белгіленген тәртіппен жыл сайын жүзеге асырылады. Биыл төлем 8,5 пайызға өседі.

Яғни, индекстеуден кейін алатын зейнетақының ынтымақты құрамдас бөлігін есептеу үшін оның биылғы мөлшерін 1,085 коэффициентіне көбейту керек.

Мысалы, қазіргі таңда жасына байланысты зейнетақы мөлшері 100 000 теңге болса, 1 қаңтардан бастап ол 108 500 теңгеге артады.

Жинақталған зейнетақы

Мұнда төлемдерді есептеудің бірыңғай ережесі жоқ. Жинақталған зейнетақы мөлшері азаматтың жеке зейнетақы шотында жинақталған сомаға байланысты әрқалай есептеледі. Оған жас коэффициенті де әсер етеді. Бұл қаражат БЖЗҚ арқылы ай сайын есептеледі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратынша, зейнетақы көлемінің артуы барлық 2,4 миллион зейнеткерге қатысты.

- 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы аясында 2025 жылғы зейнетақы төлемдеріне 4 231,3 миллиард теңге қарастырылған. Оның ішінде жасына және еңбек өтіліне байланысты зейнетақы төлемдеріне 2 867,7 миллиард теңге, базалық зейнетақы төлемдеріне 1 363,6 млрд теңге бөлінбек, - делінген хабарламада.

Сондай-ақ ведомствода зейнетақының жаңа мөлшерін жариялады.

- 2025 жылы зейнетақының ең төменгі мөлшері 95 131 теңгені, ал ең жоғары мөлшері 213 046 теңгені құрайды, - деп мәлімдеді министрліктегілер.

Жәрдемақы мөлшері арта ма?

Мүгедектігі және асыраушысынан айырылуы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының, мүгедек баланы тәрбиелеушіге және күтушіге берілетін жәрдемақының мөлшері ең төменгі күнкөріс минимумының өзгеруіне байланысты өседі.

2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап айлық есептік көрсеткіштің өзгеруіне байланысты №1 және №2 тізімі бойынша мемлекеттік арнаулы жәрдемақы, жерлеуге арналған біржолғы төлем, бала тууына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне берілетін мемлекеттік жәрдемақы, арнаулы мемлекеттік жәрдемақы, бірге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған баласы, оның ішінде он сегіз жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында жалпы білім беретін немесе кәсіптік бағдарламалар бойынша күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балалары бар көпбалалы отбасыларға берілетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы, марапатталған анаға берілетін ай сайынғы жәрдемақы мөлшері артады.

Сондай-ақ Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарға және жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарына тағайындалған, бірақ төленбеген біржолғы ақшалай өтемақы мөлшері көбейеді.

Қымбат МУХАМАДИЕВА

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив