A+ A A-

talgatzhan 34 19-12-2024, 10:15 0

ШҚО-дағы мектеп асханаларына қатысты биыл қанша шағым түсті?

Бүгін / ШҚО / Өзекті мәселе

«Балам мектепте білім алып жүр» деген ата-аналарды соңғы уақытта білімнен бұрын асханадағы ас алаңдататын болды. Әлеуметтік желіде желдей ескен түрлі фотолар мен видеоларды көріп, мектеп асханаларына күмәнмен қарайтын жандар көбейген. Мәселен жуырда ғана Риддердегі олимпиадалық резерв мектебінің тәлім алушыларына берілген тамақтың суреті жұрттың жағасын ұстатты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.


Көгерген ас көпке ауқат па?

Интернетте тараған суреттегі бейне мыналар: көгерген нан, иістенген шұжық, зең басқан ботқа, шыбын-шіркей аралас салат. Бұл Риддердегі олимпиадалық резерв мектебінің асханасындағы мәзір. Болашақ чемпиондар тәрбиеленетін орынның бұл ісін әлеуметтік желіде жұрт жаппай сынға алды. «Балаларымыз үнемі аш, мына берген асты жеу мүмкін емес. Барлық ата-ана бірігіп, мектеп асханасының тексерістен өтуін талап етейік...» десті ата-аналар әлеуметтік желідегі жазбаға пікір қалдырып. Ал кейбірі мектеп басшылығы бұл жазбаны алып тастауын бұйырып, бопсалағанын да жасырмады.

- Таңертеңнен баламды мектепке жібере алмай отырмын, түрлі қоңыраулар түсіп, интернеттегі жазбаны өшіруді талап етуде. Балаларымызға асханада берілетін тамақты суретке түсіруге тыйым салыпты, - делінген ата-аналардың бірінің жазған пікірінде.

Бұл мәселе @imedia.com.kz парақшасында тарап, шиеленісе түскеннен кейін жергілікті басшылық ресми жауабын жариялады.

- Қазір прокуратурамен бірлесіп ҚР заңнамасына сәйкес тексеруді ұйымдастыру мәселесі жоспарға алынды, - деп жаппай наразылыққа жауап берді Риддердің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасынан.

Кейінірек білім беру ұйымында жоспардан тыс тексеру жүргізілгені белгілі болды.

- Ата-аналардың өтінішінде көрсетілген фактілер іс жүзінде расталды. Анықталған тәртіп бұзушылық бойынша 425-баптың 1-бөлігіне сәйкес лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды. Сондай-ақ аталған мәселені шешу туралы бұйрық берілді, - деп хабарлады ШҚО Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен.

Шағымдар мен қабылданған шаралар

Биыл республика көлемінде мектеп асханаларына қатысты 771 шағым түскен. Соның ішінде, ең шулы жайт Маңғыстаудағы асханалардың бірінде болған еді. Оқу ордасында білім алып жүрген 400 бала бір мезетте асханадағы астан уланып, бұл жаңалық елді дүр сілкіндірген. Бұндай жағдайлар сирек болмаса да, жеткіншектердің денсаулығы үшін мектеп асханасы жіті қадағалауда болуы тиіс.

- Бүгінде министрлік тамақтандыру қызметтерін сатып алатын делдалдарды іріктеу талаптарын бұзғаны үшін лауазымды тұлғаларды әкімшілік жауапкершікке тарту мәселесі пысықталуда, - деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.

Шығыста жоғарыда айтылған Риддердегі оқиғадан бөлек жаға ұстатар жағдай тіркелмеді. Дегенмен, биыл ата-аналар мектеп асханаларындағы тамақтану нормасы стандартқа сай еместігін айтып, шағым түсірді. Нақты айтқанда 11-18 жастағы оқушылар бастауыш сынып оқушыларының нормасымен тамақтанған.

- Мысалы 11-14 жас аралығындағы оқушыға арналған күнделікті нанның нормасы күніне 35 грамм, ал 15-18 жас аралығында – күніне 40 грамм, іс жүзінде балалар норманы екі есе төмен жеген, яғни күніне 20 грамм. Бұл 6-10 жас аралығындағы балаларға арналған норма. Прокурорлық қадағалау актісі бойынша ШҚО Білім басқармасының жеті лауазымды тұлғасы, оның ішінде осы бағытқа жетекшілік ететін басшының орынбасары қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды, - делінген прокуратура берген мәліметте.

Сонымен қатар ШҚО Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ақпараты бойынша, 2024 жылдың өткен кезеңінде облыс мектептеріне тамақтану сапасына қатысты үш шағым тіркелген.

- Аталған фактілер бойынша жауапты тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айыппұлдардың жалпы сомасы 1 273 740 теңгені құрады, - деп хабарлады облыстық Прокуратурадан.

Биыл шағым саны азайған. Нақты айтқанда, өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 8 есе аз.

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ұсынған мәліметке сүйенсек, мектеп асханаларындағы тамақтану сапасы күн сайын медицина қызметкері мен жауапты адамның бақылауында. Сондай-ақ тамақтың сапасын мезгіл сайын арнайы сарапшы мамандар тексереді. Комиссияға міндетті түрде медицина қызметкері, әкімшілік пен ата-аналар комитетінің өкілдері, өндіріс меңгерушісі кіруі тиіс.

- Білім басқармасы әр мектептегі асханаларды жіті қадағалауына алды. Облыс аумағындағы барлық білім бөлімдерінде асханаларға мониторинг жүргізетін арнайы топ құрылды. Биыл мектептерде 300-ден аса тексеріс жүргізілді. Егер ата-аналар мектептегі тамақтану сапасына наразы болса, Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жазбаша немесе "eOtinish"электрондық жүйесі арқылы өтініш жіберуіне болады, - деп мәлім етте. облыстық Білім басқармасынан.

Дидар ЕРБОЛАТҚЫЗЫ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив