A+ A A-

talgatzhan 73 20-12-2024, 15:30 0

Өскеменде облыстық семинар өтті

Бүгін / Өскемен

Бүгін Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығының мұрындық болуымен “Өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін коммуникативтік технология және тиімді әдіс-тәсілдер арқылы оқыту” атты облыстық семинар ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Оған аудандардағы лингвистикалық орталық мамандары мен тіл жанашырлары қатысты. Жиын барысында қазақ тілінің мәртебесі мен рөлі жан-жақты талқыланды. Сондай-ақ мемлекеттік тілді үйретудің жаңа әрі тиімді әдіс-тәсілдері туралы ақпараттар айтылды. Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында облыстағы тілдерді оқыту орталықтарында жыл көлемінде өткізілген облыстық семинарлар туралы қорытынды шығарылды. ШҚО Мәдениет басқармасының тілдерді дамыту, ономастика және мәдени мұра бөлімінің басшысы Гүлжан Казимованың сөзінше, аталған шараның тіл мамандарының өзара тәжірибе алмасуы үшін маңызы зор. 
- Биылғы жылдың қорытынды семинарын ШҚО Мәдениет басқармасы мен Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығы бірігіп, дәстүрлі түрде өткізіп отыр. Мұндай шаралар жыл көлемінде әр ауданда ұйымдастырылды. Мемлекеттік тілді өзге ұлт өкілдеріне үйрету қашан да маңызды мәселе саналады. Сондықтан әр ауданнан келген қатысушылар өз тәжірибесімен бөлісіп, идея алмасты. Айта кетерлігі, биыл жаңадан құрылған Үлкен Нарын ауданында тағы бір орталық ашылды. Сондай-ақ жыл көлемінде нәтижелі жұмыс атқарған орталық басшыларын марапаттау да игі дәстүрге айналған, - дейді ол.
Семинарда бірқатар тақырып бойынша баяндамалар оқылды. Атап айтқанда, “Мемлекеттік тілді оқыту үрдісінде цифрлық платформаларды қолдану”. “Ересектерді оқытуда AR студиосының артықшылығы”, “Мемлекеттік тілді оқытуда LearningApps платформасын қолдану тиімділігі”, “Мемлекеттік тілді оқытуда PIickers платформасының мүмкіндігі”, “Ағылшын тілін үйретуде Liveworksheets платформасының қолдану тәсілдері”. 
Жиынға келген әрбір тіл маманы көтерілген мәселелер төңірегінде жеке көқарасын білдіріп, ойын ортаға салды. Себебі, тіл үйренемін деушілердің қызығушылығын арттырып, оларға қолдау көрсету - тәлімгердің басты міндеті. 
- Біздің орталықта көпшілікке ағылшын тілі, ал қандастарымызға кириллица әліпбиі үйретіледі. Өзге ұлт өкілдері шоғырланған аймақтар үшін бүгінгі семинардың берері мол. Мұнда біз ұсынылған әдістемелек құралдармен танысып, жазылым мен оқылым кезінде пайдаланылатын әдістерді меңгеру үстіндеміз, - деді Катонқарағай ауданы мемлекеттік және басқа тілдерді дамыту орталығының директоры Жұпар Әбілханқызы.
Облыстық көлемде өткізілген семинар соңында қатысушылар өз түйгендерімен бөлісіп, ұйымдастырушыларға алғыс білдірді. Сондай-ақ жыл көлемінде жемісті еңбек еткені үшін Риддер қаласы тілдерді оқыту орталығының директоры Садықова Құралай Каукөнқызы Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығы атынан алғыс хатпен марапатталды. 

Қымбат МУХАМАДИЕВА

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
1 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив