Өскемен қаласының көшелерін қар басып, халық көлік қозғалысы қиындап кеткеніне шағымданып жатыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Өскеменде соңғы екі күнде қар қалың түсті. Бұл жол қозғалысын қиындатып, таңертеңнен жұмысқа асыққан халық көлік кептелісінде тұруға мәжбүр болды.
- Өзім Жібек маталар комбинаты ықшамауданында тұрамын. Таңертең Сәтбаев даңғылында кептелісте тұрып, жұмысқа кешігіп қалдым. Жол дұрыс тазаланбаған. Қар тазалап жатқан техникалар жол жөнекей өте аз ұшырасты, - дейді Нұрдәулет есімді қала тұрғыны.
Ал Өскемен қаласы әкімдігінен тұрғындар мен көліктердің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін «Таза Өскемен» КМК техникалары тартылғанын, жолды тазалау жұмыстарының кешелі бері үздіксіз жүргізіліп жатқанын мәлім етті.
- Түнгі уақытта қар тазалау техникалары жұмысқа шығып, негізгі магистральдарды, жол айрықтары мен көшелерді тазалауға жұмылдырылды. Бұл жұмыстар қазір де жалғасып жатыр. Жаяу жүргіншілерге арналған аумақтар мен аялдамалар да тазартылуда. Жолға көктайғаққа қарсы материалдар төгіліп жатыр, - деп хабарлады әкімдіктен.
«Таза Өскемен» КМК-де барлығы 97 техника бар. Мемлекеттік сатып алу арқылы жасалған шарттарға сәйкес құм – 2 000 текше метр, жанар-жағармай материалдары – 200 тонна, көктайғаққа қарсы материал – 1 500 тонна көлемінде алынған.
- Бүкіл қаланы бірден қардан толығымен қардан тазартып шығу мүмкін емес. Сондықтан халықтан түсіністік танытуды сұраймыз. Егер қандай да бір ықшамауданда мәселе ушығып жатса диспетчерлік қызметке 8 777 331 85 36 телефоны арқылы қоңырау шалуға болады.
Сондай-ақ тұрғындардан арнайы техниканың қарды тазалауына кедергі келтірмес үшін көлікті тұраққа талапқа сай қою қажеттігін ескертеміз, - делінген мәліметте.
Фотосурет: Өскемен қаласы әкімдігінен
Пікірлер