A+ A A-

talgatzhan 32 16-01-2025, 12:00 0

Көршіңіз шуламасын десеңіз...

Бүгін / ШҚО / Өзекті мәселе

Кеше ғана «ескі жыл есірке» деп жаңа жылды тойлатып қарсы алдық. Той, қуаныш, мереке десе жас балаша мәз болатын жандар көп. Десе де қаладағы көпқабатты үйлерде мерекені мейлінше тыныш өткізген абзал. Қазақ халқы ертеден «Көрші ақысы - тәңір ақысы» деп қоңсылықты ерекше қадірлеген. Бүгінде көршіңнің көңіліне қарамасаң ақының орнына айыппұл арқалауың ғажап емес, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Заң не дейді?

Тұрғын үйде тыныштық бұзылса – мазаңның кеткені. Ал егер тыныштықты көршің бұзса – тиісті шара қолданудан басқа амал жоқ. Мәселен пәтерді жөндеу, қонақ шақыру, көңілді отырыс, қатты музыка – бұның бәрі ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс бабының бұзылуына себеп бола алады. Көршіңе демалыс бермеу – заңға қайшы іс. Түнгі 22.00-ден таңғы 9.00-ге дейін тыныштық сақтауың қажет.

ШҚО Полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, аталған тәртіп бұзушылық ҚР ӘҚБтК-нің («тыныштықты бұзу») 437-бабында айтылады. Сағат 22.00-ден 9.00-ге дейін, оның ішінде тұрғын үйде және одан тыс жерлерде шұғыл қажеттілікпен байланысы жоқ шу шығаратын жұмыстарды жүргізу, сол сияқты ғимараттар мен тұрғын үй құрылысы аумақтарында орналасқан ойын-сауық орындарының жұмыс күндері сағат 22.00-ден таңғы 09.00-ге дейін, демалыс және мереке күндері сағат 23.00-ден таңғы 10.00-ге дейін тыныштықты бұзуы - жеке тұлғаларға - 5, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - 20, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - 30, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

- Жеке тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне және коммерциялық емес ұйымдарға - 20 АЕК (78 640 теңге), орта кәсіпкерлерге - 30 АЕК (117 960 теңге), ірі кәсіпкерге - 100 АЕК (393 200 теңге) мөлшерінде әкімшілік айыппұл салу көзделген. Бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін жеке тұлғаларға 10 АЕК (39 320 теңге), шағын кәсіпкерлік субъектілеріне және коммерциялық емес ұйымдарға - 40 АЕК (157 280 теңге), орта кәсіпкерлерге - 60 АЕК (235 920 теңге), ірі кәсіпкерлерге - 150 АЕК (589 800 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады, - делінген департамент берген ресми мәліметте.

Отқа оранған балкон

Жаңа жыл қарсаңында Өскемен қаласындағы Қазақстан көшесінде орналасқан көпқабатты үйлердің бірінен өрт шықты. Балконды от жалмап, қақаған аязда тұрғындар далаға шығуға мәжбүр болған. Жеті адам эвакуацияланып, абырой болғанда өрт сөндірушілер жалынның басқа үйлерді шарпып кетуінен сақтады. Өрт шыққан үйде тұрғындар болмаған. Алайда куәгерлердің айтуынша, отшашу әйнекті тесіп өтіп, балконды отқа ораған. Мерекеде отшашу атып, өзгенің тыныштығы мен қауіпсіздігін бұзғандар көбейіп кеткені рас. Бұл ретте тұрғын үйлердің маңында пиротехниканы тұтататындарға қарсы қандай шара қолданылатынын біліп көрдік.

- ҚР Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 436-бабына сәйкес «Елді мекендерде және бекітілмеген жерлерде пиротехникалық бұйымдарды қолдану, жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын, белгіленген тәртіпті бұзатын және ірі материалдық залал келтірмесе де» пиротехникалық бұйымдарды тәркілей отырып, 20 АЕК (78 640 теңге) мөлшерінде әкімшілік айыппұл салу көзделген. Тәртіпті қайта бұзғаны үшін 30 АЕК (117 960 теңге) айыппұл салынады. Сондай-ақ пиротехникалық бұйымдар тәркіленеді, - деді 

ШҚО ПД өкілдері.

 

Көршінің қоқысы һәм темекінің түтіні

Мереке бар жерде ас бар, ас болған жерден қоқыс шығатыны да рас. Кейбір көпқабатты үйдің тұрғындары жаңажылдық мерекелерден кейін қоқыстарын есіктің сыртына лақтыра салып, кіреберіске қойып кетуді шығарған. Көп тұрып, иісі қолқаны қабатын тамақ қалдықтары көршінің тәбетін қашырары анық. Іргелес тұрған пәтердегі көршіңіз қоқысты елемейтін жалқау болса, қандай шаралар қолданған жөн?

- ҚР ӘҚБтК-нің 434-2-бабына сәйкес жалпыға ортақ пайдаланылатын орындардың, саябақтардың, скверлердің ластануы, оның ішінде белгіленбеген орындарда қоқыс шығарған азамат 10 АЕК (39 320 теңге) мөлшерінде айыппұл арқалайды. Бір жыл ішінде жағымсыз әдеттен арылмаса айыппұл 20 АЕК-ке дейін өседі (78 640 теңге), - делінген ақпаратта.

Сондай-ақ үйдің кіреберісінде тұрып темекіні тұтататындар да көбейген. Тіпті өз пәтеріңіздің ішінде темекі түтінін будақтатсаңыз да, қабырғалас көршіңіздің үйіне түтіннің иісі келеді. Ал көршілерін темекі иісін жұтуға мәжбүрлегендерге қандай шара қолданылады?

- ҚР Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 441-ші бабында «Жекелеген қоғамдық орындарда темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекі, кальян, кальян қоспасын, Қазақстан Республикасының заңнамасында тұтынуға тыйым салынған темекі бұйымдары мен электрондық темекілерді тұтынуға» тыйым салынады. Мұндай орындарға үйлердің кіреберістері кіреді. Тәртіп бұзған жеке тұлғалар 15 АЕК (58 980 теңге) мөлшерінде айыппұл төлейді, - делінген мәліметте.

Өкінішке қарай пәтерлер темекі шегуге болмайтын орындардың тізіміне кірмейді. Сондықтан кез келген азамат өз үйінде темекі түтінін шығаруға толық құқылы.

Дидар ЕРБОЛАТҚЫЗЫ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив