
Өскемендегі автобекетте билет бағасы қымбаттай ма?
Өскемендегі «ADAL» автобекеті» 1967 жылы салынған. Уақыт өте ғимарат күрделі жөндеуден өтіп, айналасы абаттандырылды. Автобекеттің жалпы ауданы 1290 шаршы метр, ал жер телімі 25 670 шаршы метрді құрайды. Сондай-ақ автобекеттің облыс орталығының өнеркәсіптік аймағында орналасқан көлік құралдардарын жөндеу орны бар. Оның ауданы – 3930 шаршы метр. Компанияның негізгі қызметі – автобус билеттерін сату бойынша қызмет көрсету, автобустарды диспетчерлік қолдау және жүргізушілерді сапар алдындағы медициналық тексеруден өткізу. Қаншама жылдан бері жолаушыларды діттеген жеріне жеткізіп жүрген мекемеде өзгеріс көп. Азаматтарды толғандыратын тағы бір сұрақ – билет бағасының өзгеруі. Осы ретте ШҚО Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасына сауалхат жолдап, бірқатар сұраққа жауап алдық, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бекеттегі өзгерістер
Қазіргі таңда автобекетте 127 автобус 4 халықаралық, 4 облысаралық және 41 облысішілік, ауданаралық маршрут бойынша жолаушыларды тасымалдайды. Олар қозғалыс кестесіне сәйкес қатынайды. Жолаушыларды тасымалдау бойынша сұранысқа ие маршруттарға қала маңындағы бағыттар жатады: Өскемен-Қ.Қайсенов, Өскемен-Белоусовка. ШҚО Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Акрамовтың айтуынша, Өскемен және Риддер қалаларында 2021 жылдан бастап 195 автобус жаңартылды. Ал қалааралық маршруттар бойынша автобустарды жаңарту жұмыстары жүргізілуде.
-«ADAL» Өскемен автобекеті» ЖШС-да жылыту және сумен жабдықтау жүйелері толық ауыстырылып, шатыр жөндеуден өтті. Кассалық зал қалпына келтіріліп, орындықтар қойылды. Барлық қажет ақпарат жазылған сандық тақтайша орнатылған. Сондай-ақ жолаушыларға медициналық көмек көрсететін кабинет жөнделіп, заманауи құралдармен жабдықталды. Бекет маңындағы дәмхана қалпына келтіріліп, теледидар, кондиционер орнатылды. Екінші қабаттағы Ана мен бала бөлмесі кеңейтіліп, ондағы жиһаздар жаңартылды. Жолдағы оқиғаларға жедел жауап беру үшін автобустарға GPS жүйесі енгізілді, - дейді Қуаныш Қуандықұлы.
Автобекеттің "е-vokzal" сайты да жұмыс істейді. Кассада Kaspi.kz, Halyk Bank, МИР, екінші деңгейдегі банктердің картасымен және QR-код арқылы төлем жасауға болады. Автобекетте екі бірдей анықтамалық терминал іске қосылған. Қосымша сұрақтар бойынша азаматтар 700-225, 8-777-189-00-03, 8-778-577-97-75 телефон нөмірлеріне хабарласа алады. Сонымен қатар 8-777-189-00-03 WhatsApp нөмірі арқылы хабарлама жіберуге болады.
Билет бағасы қымбаттай ма?
ШҚО Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Акрамовтың сөзінше, әзірге жол жүру билетінің құны өзгеріссіз қалады.
- ҚР Көлік және коммуникация министрінің 2011 жылғы 13 қазандағы №614 бұйрығымен бекітілген «Тұрақты маршруттар бойынша жолаушылар мен багажды тасымалдау жөнінде қызмет көрсетуге тарифтер есептеу әдістемесінің» 8-тармағына сай тасымалдаушының нақты шығындары оларға тәуелді емес баға факторлары бойынша 10%-дан астам өзгерген кезде, маршруттың сипаттамаларына (рейс, автобустардың қозғалыс кестесі, маршруттың ұзақтығы, жылжымалы құрамды жаңарту) пайдалану шығыстарының баптары бойынша тасымалдаушының шығындарын ірілендірген кезде түзетіледі. Қазіргі таңда тасымалдаушылардан тарифті көтеру туралы арыз түспеді, - деді басқарма басшысының орынбасары.
Жолаушыларды тасымалдайтын барлық бағыт бойынша билет бағасы, жол жүру уақыты мен шақырымы төмендегі кестеде толық көрсетілген.Осы ретте жолаушылардың ыңғайлығы үшін автобус және такси бағасын салыстырып көрдік. Мәселен, Өскеменнен Астанаға жету үшін бір адам 18 000 теңге төлейді. Өскемен-Алматы – 25 000 теңге, Өскемен-Ақжар – 7 000 теңге, Өскемен-Зайсан – 8 000 теңге, Өскемен-Катонқарағай – 7 000 теңге, Өскемен-Күршім – 4 000 теңге, Өскемен-Риддер – 4 000 теңге, Өскемен-Шемонаиха – 3 500 теңге. Ескере кетейік, аталған бағалар InDriver қосымшасынан алынды.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Фотосурет автордікі
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер