Жаңадан тағайындалған Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы Ерлан Текешов жұмыс сапарымен Зайсан ауданына келді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Сапар барысында ол аудан активімен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысты. Кездесуге аудан әкімінің орынбасарлары, аудан әкімдігінің бөлім басшылары және ауылдық округ әкімдері қатысты.
Аудан әкімінің орынбасары Данияр Серіков өңірдегі төтенше жағдайлардың алдын алу шаралары туралы баяндама жасап, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Көктемгі су тасқынына дайындық, инфрақұрылымдық қауіпсіздік және тиісті қызметтердің үйлесімді жұмысы талқыланды. Су тасқыны қаупіне қарсы шаралардың орындалуы назарға алынды.
Сапар барысында Ерлан Текешов су тасқыны қаупі бар Зайсан қаласындағы Жақсылықов көшесін, Қасқа жол учаскесін (Зайсан – Жаңатұрмыс бағыты), сондай-ақ Дайыр мен Айнабұлақ ауылдарына қарасты аумақтарды аралап, жағдайды бағалады. Су тасқынына қарсы дайындық барысы зерделеніп, қажетті инфрақұрылымның жай-күйі қарастырылды.
Сонымен қатар аппарат басшысы Зайсан қалалық емханасының қазіргі жағдайымен танысып, оның орнына жаңа нысан салу қажеттілігі қарастырылды. Денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын жақсарту және медициналық қызметтің сапасын арттыру бағытында ұсыныстар айтылды.
Бұл сапар Ерлан Текешовтің өңірдегі жағдаймен танысуына және төтенше жағдайлардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды бағалауға мүмкіндік берді.
Пікірлер