A+ A A-

talgatzhan 50 3-03-2025, 13:05 0

Өскемендегі әскери бөлімде баспасөз конференциясы өтті

Бүгін / Өскемен

Шығыс Қазақстан облысының Мәдениет басқармасы және Шығыс Қазақстан Лингвистикалық орталығының мұрындық болуымен "Мемлекеттік тілге құрмет", ұлы Абайдың 180 жылдығы және Жеңістің 80 жылдығы, Конституцияның 30 жылдығына арналған «Ерлікке тағзым -  ұрпаққа тағылым» атты баспасөз конференциясы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Елімізде мемлекеттік тілдің қолданыс аясы кеңейіп, қазақ тілінің маңызы уақыт өткен сайын айқындала түсуде. Қоғамда тілдік ортаны қалыптастыру қаншалықты қиын болса, әскери бөлімде де дәл солай. Отан алдындағы борышын өтеу үшін жас сарбаздар еліміздің түкпір-түкпірінен жиналып, ұлтына, дүниетанымына қарамастан тілдік орта құрайды. Тіл мен патриотизм қатар өмір сүрсе, тіл мен тәуелсіздік – егіз ұғым. Тәуелсіздікке жету үшін ата-бабаларымыз әр заманда қиян кескі ұрысты бастан өткерген. Соның бірі һәм ең есте қаларлығы – Ұлы Отан соғысы. Бүгінде сұрапыл соғыстың аяқталып, Ұлы жеңіске жеткенімізге 80 жыл толды. 

Осыған орай Өскемен қаласындағы әскери бөлімде өз борыштарын өтеп жүрген жас сарбаздар атаулы күнді еске алып, мемлекеттік тілдің мәртебесін тағы бір мәрте сезінді. Жиынға Ұлттық Ұлан сапындағы 230 сарбаз қатысып, мемлекеттік тілде баяндама тыңдады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шараның мақсаты - мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту. 

Шара барысында Лингвистикалық орталықтың мамандары баспасөз конференциясының тақырыбын кеңінен талдады. Орталық директоры Әсемгүл Абзалова мемлекеттік тілдің қолданыс аясы мен Жеңістің 80 жылдығы туралы сөз қозғады. 

Сондай-ақ Шығыс Қазақстан Лингвистикалық орталығының тренер-оқытушысы Ұлы Отан соғысы жылдарында ерлік жасаған жерлес батырлар жайында әңгімелеп, әскерилер арасында түрлі танымдық ойындар өткізді. Сарбаздар мемлекеттік тілге құрмет көрсетіп, белсенділік танытты. 

- Ұлы Отан соғысы бүгінде әр азаматтың есінде, жүрегінде. Отан үшін отқа түсуден де тайынбаған азаматтар мәңгі жадымызда және олар ешқашан ұмытылмайды. Біз үнемі өз батырларымызды есте сақтап, ұлт ұлдарын ұлықтауымыз керек. Бүгінгі шараның әскерилер үшін маңызы зор. Кешегі батырлардың ерлігі біз үшін үлгі-өнеге. Баспасөз конференциясы барысында өзіміз әскери борышымызды өтеп жүрген шығыс жерінен шыққан батырлар туралы тың деректерді білдік, - деді қатардағы жауынгер Тұрсынов Бірімжан.

Шара соңында әскери бөлімнің сарбаздары патриоттық әндерді қосыла шырқап, атаулы кештің көркін кіргізді.

Дидар ЕРБОЛАТҚЫЗЫ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
1 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив