Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Өскемен қаласының әкімдігі өкілдері тарихта өшпес із қалдырған әйелдер – ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне арнайы барып, құрмет көрсетті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Александра Тихоновна Саратовцева майданға небәрі 19 жасында аттанды. Құрылыс бригадасында еңбек еткен ол оқ пен оттың ортасында көпірлер тұрғызды. Нәзік болмысына қарамастан, соғыстың ауыртпалығын қайсарлықпен көтеріп, ерлік пен рух мықтылығын көрсетті. Осы күні оны Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Маратов арнайы құттықтап, Жеңіске қосқан өлшеусіз үлесі үшін алғыс білдірді.
Қала әкімінің орынбасары Абзал Мәулетханов ғасыр жасаған ана, көпбалалы Қайынжамал Тәшқанованың үйіне барып, құттықтады. 1924 жылы Шығыс Қазақстан облысы Балғынды ауылында дүниеге келген ол соғыс жылдары совхозда еңбек етіп, майданға азық-түлік жеткізуге атсалысты. Қайынжамал апа өмірге тоғыз бала әкеліп, бүгінде сегіз немере мен тоғыз шөбере сүйіп отыр. Ана болудың ұлы үлгісін көрсеткені үшін ол «Батыр ана» атағымен марапатталған және мемлекеттік медальдардың иегері.
Анастасия Павловна Светочева 1942 жылдың мамырында Октябрь әскери комиссариаты арқылы Кеңес армиясы қатарына шақырылды. 26-шы жеке Қызыл Ту байланыс полкінің байланысшысы ретінде ауыр сынақтардан өтіп, Ленинград қорғанысы мен қоршауды бұзу шайқастарына қатысты. Өскемен қаласы әкімдігі атынан оны жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі өкілдері арнайы құттықтап, ерлігі мен табандылығы үшін шынайы алғысын білдірді.
Пікірлер