
Өскеменде 8 наурыз мерекесіне арналған мерекелік концерт өтті
“Ертіс концерт” сахнасында Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік кеш ұйымдастырылды. Қаланың шығармашылық ұжымдары вокалдық, аспаптық және хореографиялық нөмірлер дайындап, көрерменге мерекелік көңіл-күй мен ерекше әсер сыйлады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
— Құрметті ханымдар! Сіздерді көктемнің алғашқы мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге біздің өміріміздегі маңызды рөлдеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Мұнда әскери қызметкерлер, дәрігерлер, мұғалімдер, көпбалалы аналар, іскер ханымдар мен басқа да мамандық иелері жиналды. Сіздер қоғамның дамуына зор үлес қосып келесіздер. Баршаңызға зор денсаулық, сұлулық және сарқылмас күш-қуат тілеймін, - деп құттықтады Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Өңірдің дамуына сүбелі үлес қосқан нәзік жандыларға марапаттар мен алғыс хаттар табыс етілді.
Мемлекеттік награда алғандар:
• Қазия Мусина – ұзақ жылдар бойы тракторшы болған еңбек ардагері. «Құрмет» орденімен марапатталды.
• Баелова Гүлнәзи – «Өскемен-Водоканал» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны сорғы қондырғыларының машинисі. ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталды.
• Татьяна Кузьмина - «Өскемен қаласының көлік компаниясы» ЖШС маневрлік жұмыстар жүргізушісі. Жалпы еңбек өтілі - 26 жыл. ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталды.
• Наталья Дорн – №13 орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары. ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған мерекелік медальмен марапатталды.
Кештің есте қалар сәттерінің бірі - қала тұрғынына арналған тосынсый. Әскерде жүрген ұлы анасын құттықтау үшін Өскеменге ешкімге айтпай келген. Ол «Анама хат» челленджіне қатысып, ең жақын адамына жылы лебізін білдірген еді. Кейін сахнаға шығып, анасымен қауышты. Бұл сәтте көрермен көзіне жас алды.
— Мені концертке сыйлық беріледі, баламның хаты оқылады деп концертке шақырды. Мұндай тосын сый күтіп тұрғанын ойламаппын. Сезімдерді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Баламның хат жазып жатқан видеосын көргенде денем шымырлап кетті. Өте әсерлі болды, - дейді сарбаздың анасы Марина Нарожняя.
Сарбаздың айтуынша, анасы үшін ұйымдастырылған тосынсый сәтті шықты. Енді ол қысқа демалыста жақындарымен кездесуді жоспарлап отыр.
— Анамды қуанта алғаныма өте қуаныштымын. Ешкімге ештеңе айтпау, қоңырау шалмау, келгенімді ешкімге айтпау қиын болмады. 16 наурызға дейін қысқа мерзімді демалыс берілді. Осы уақыт ішінде отбасыммен болып, достарыммен кездесемін, - деді сарбаз Михаил Нарожний.
№13 орта мектеп директорының орынбасары Наталья Дорнның айтуынша, алған марапаты жағымды сыйлық болды. Ал сарбаздың тосынсыйынан барлығы көзіне жас алды.
— Әрине, медаль алған кезде ұстаз, орынбасар, қала өміріне белсене араласатын адам ретінде өз орнынды сезінесің. Бүгінгі кеш қыз-келіншектерге арналған жылы лебіздер мен қуанышты сәттерге толы болды. Әскерден келген сарбаздың анасын құттықтаған сәті ерекше әсер етті. Залда отырғандардың бәрі көз жасын тыя алмады, - деп бөлісті Наталья Дорн.
Бұл жиын барлығы үшін нағыз мерекеге айналды. Ол жүректерге жылулық пен алғыс сезімін сыйлап, әлемді жақсартуға үлес қосып келе жатқан әйелдердің еңбегі мен жетістіктеріне деген мақтаныш сезімін оятты.
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер