Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек уақыт белдеуін ауыстырудың салдары туралы зерттеудің аяқсыз қалғанын түсіндірді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі kazinform-ға сілтеме жасап.
— Уақыт белдеуін өзгертудің қазақстандықтарға әсерін зерттеу үшін бөлінуі керек болған 60 млн теңге неге игерілмей қалды, — деп сұрады журналист Үкімет отырысынан кейін.
Министрдің айтуынша, бұл мәселе бойынша арнайы зерттеу жүргізудің қажеті жоқ деген шешім қабылданған.
— Біз оған қажет қаражатты мақсатты қаржыландыру аясында салдық. Бұл — үш жылға берілетін ұзақ мерзімді грант. Үш жыл ешкім күтпес еді деп ойлаймын. Зерттеу деген тым ұзаққа созылатын дүние. Түрлі министрліктегі әріптестерімізбен осы мәселе бойынша ақылдасқан кезде қолымызға күнделікті түсіп жататын деректердің негізінде зерттеу туралы ұсыныс айтылды. Денсаулық сақтау министрлігі клиникалық деректерді, Энергетика министрлігі мен әкімдіктер халықтың электр қуатын тұтыну көрсеткіштері туралы деректерді. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі кәсіпорындардың электр тұтыну көрсеткіштерін берді дегендей, — деді ол.
Аталған ведомстволар жүргізген мониторингтердің деректері енді Мәжілісте талқыланбақ.
— Осындай деректер тұрғанда үш жыл бойы жеке зерттеу жүргізудің қандай қажеті бар? Енді осы деректерді Мәжіліске де береміз. Сондықтан үш жыл күтудің, оған бола бюджеттен арнайы ақша бөлудің қажет жоқ деген шешім қабылданды, — деді Саясат Нұрбек.
Аталған Үкімет отырысында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев елдің бірнеше өңірінде жұмыс уақыты алға жылжытылуы мүмкін екенін айтты.
Пікірлер