A+ A A-

talgatzhan 38 12-03-2025, 09:30 0

Алтай және Ұлан аудандарында жұмыс уақыты өзгерді

Бүгін / Алтай / Ұлан

Жыл басынан бері бірнеше аудан жаңа жұмыс кестесіне ауысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Бұл өзгерісті алғаш болып Катонқарағай ауданы сынап көрді. Көп ұзамай бұл жүйеге тағы 8 аудан қосылды: Зайсан, Тарбағатай, Ұлан, Күршім, Марқакөл, Самар, Үлкен Нарын және Алтай.

Аталған аудандардағы мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар таңғы 08:00-ден кешкі 17:30-ға дейін жұмыс істейді. Түскі үзіліс 12:00-ден 13:30-ға дейін белгіленген. Ал мектептер, балабақшалар мен медициналық мекемелер бұрынғы кесте бойынша жұмысын жалғастыра береді, өйткені олардың жұмыс уақыты осындай форматта қалыптасқан.

Алтай ауданының әкімі Ренат Құрмамбаев бұл жаңашылдықты қолдап, аудан тұрғындары да жұмыс уақытының өзгеруін толығымен құптағанын айтты:

- Алтай ауданының барлық елді мекендерінде жұмыс кестесінің өзгеруіне қатысты кездесулер өтті. Халық жұмыс уақытын оңтайландыру бастамасын қолдады. Бұл шаралар қызметкерлердің физикалық жағдайын жақсартуға, азаматтар үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған, – деді ол. 

Бұл жаңашылдықтың басты мақсаты – жұмыс үдерісін оңтайландыру және аудандар арасындағы үйлесімділікті жақсарту. Өңірдің табиғи ерекшеліктерін ескере отырып, бұл шешім күндізгі жарықты тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде еңбек өнімділігін арттырып, тұрғындардың өмір сапасын жақсартады.

Ұлан ауданында да жаңа жұмыс кестесі күшіне енді. Бұл ауданда жергілікті билік өкілдері, фермерлік шаруашылық басшылары мен білім беру мекемелерінің жетекшілерімен кездесулер өтті. Ұлан ауданының әкімі Арман Бекбосынов жаңа кестенің тұрғындар тарапынан бірауыздан қолдау тапқанын атап өтті.

- Бүгіннен бастап ауданымызда жаңа жұмыс кестесі енгізілді. Ұлан ауданының 16 ауылдық округінде фермерлік шаруашылық жетекшілерімен, мемлекеттік кірістер департаменті, полиция және қорғаныс бөлімдері, сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлер мен білім беру мекемелері өкілдерімен кездесулер өтті. Бұл кездесулерге облыстық басқармалар мен олардың орынбасарлары да қатысты. Жұмыс күнін 08:00-де бастау туралы ұсыныс енгізілді және ол бірауыздан қолдау тапты. Өнеркәсіптік кәсіпорындар мен ірі ауылшаруашылық құрылымдары да осы кесте бойынша жұмыс істейді, бұл бюджеттік ұйымдардың жұмыс кестесін ыңғайлы етеді. Мектептер, балабақшалар және медициналық мекемелер бұрынғы жұмыс кестесін сақтап қалады, – деді аудан басшысы.

Бұл қадам облыста еңбек ұйымдастыруды жақсартуға, өмір сүру сапасын арттыруға және барлық тұрғындар үшін үйлесімді жұмыс ортасын қалыптастыруға бағытталған.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив