Қаладағы орталық алаңда құрылған киіз үйде «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне» орай интелектуалдық «Quiz» ойыны өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтыны тілшісі.
Облыс орталығында мерекеге толы наурыз айы басталғалы түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Солардың жалғасы ретінде бүгін республика алаңында «Мың бір мақал» атты сайыс өтті. Сайыс сұрақтары ұлттық мақал-мәтелдер негізінде он бір тақырыпқа бөлінген. Ой жарысының шымылдығын «Ақ босаға» көркем өнерпаздар ұжымы концерттік бағдарламамен ашып берді. Куизге шаһар жастарынан бөлек, аудандардан келген ата-әжелер де қатысты.
Өскемен қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Сағынбек Ахановтың сөзінше, Наурызнама Көрісу күнінен басталып, Ұлыстың ұлы күніне дейін жалғасады.
- Соған орай қалалық ардагерлер кеңесі бүгін мынандай қазақтың киіз үйінде тамаша жарыс ұйымдастырып жатыр. Мұнда еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін жаппай қатысуда. Жарыстың негізгі алғышарты - қазақтың мақал-мәтелдерін білу. Тақырыбын да соған сәйкестендіре «Мың бір мақал» деп қойдық. Алдағы уақытта мұндай игі шаралар жалғасын табады, - деді ол.
Сайыста барлығы 11 топ бақ сынасты.
Еске сала кетейік, өткен аптада дәл осы қазақ үйде «Көрісу күні - Амал» мерекесі атап өтілген болатын.
Пікірлер