
Қауіпсіз Наурыз: мамандар тағамнан уланудың алдын алу жолдарын айтты
Биыл бес күн демалатын Наурыз мейрамында дастарқанға қойылған мол тағамнан уланып, төсекке таңылмау үшін сақтық шараларын естен шығармаған жөн, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі kazinform-ға сілтеме жасап.
Солтүстік Қазақстан облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Татьяна Горлова пайдалы кеңеспен бөлісті.
- Наурыз мерекесіне орай түрлі тағамдар әзірленіп, мол дастарқан жайылады. Дайындық барысында адамдар азық-түліктерді алдын ала сатып алады. Өнімдерді дүкендерден, ресми базарлардан немесе сауда орындарынан сатып алғанда, олардың жарамдылық мерзіміне, сыртқы түріне, иісіне, сақтау шарттарына және санитариялық жағдайына назар аударған жөн. Кездейсоқ адамдардан және рұқсат етілмеген сауда орындарынан тамақ өнімдерін сатып алудан аулақ болыңыз, - дейді Татьяна Горлова.
Маманның айтуынша, сүт өнімдері, шикі жұмыртқа, құс еті, түрлі ет өнімдері, туралған көкөніс тағамдары, кондитерлік өнімдер, әсіресе ақуызды кремі бар торттар тез бұзылатын тағамдарға жатады.
Дайын құс етінен жасалған тағамдар, жұмыртқа қосылған өнімдер, майонез және қаймақпен араластырылған салаттар аса қауіпті болып табылады.
- Мереке кезінде денсаулыққа зиян келмес үшін, яғни азық-түліктен уланудың алдын алу мақсатында келесі қарапайым ережелерді ұмытпаңыз: үйде мерекелік тағам дайындағанда, ең алдымен, қолдың, ас үй жабдықтарының, ыдыс-аяқтың және бөлменің тазалығын қадағалаңыз. Шикі өнімдер мен дайын тағамдарды бөлек сақтаңыз, оларды өңдеу үшін бөлек пышақ және кесу тақтайын пайдаланыңы. Жаңа дайындалған тамақты алдыңғы күннен қалған тағаммен араластырмаңыз, егер дайын тағам келесі күнге қалса, оны тұтынар алдында міндетті түрде термиялық өңдеуден өткізіңіз, - дейді санитар дәрігер.
Қуырылған, қайнатылған ет, құс еті, жұмыртқа, теңіз өнімдері және басқа да тағам ингредиенттерін дайындау кезінде дұрыс температуралық режимді және тиісті уақытты сақтау өте маңызды. Жоғары температурада өңдеу адам ағзасына қауіптізиянды микробтарды жояды.
- Мұздатқышта өнімдердің дұрыс сақталуын ескеріңіз. Тартылған ет және балық өнімдері екі рет термиялық өңдеуден өтуі тиіс. Алғашқы және негізгі тағамдарға арналған қайнатылған ет, құс еті және субөнімдер туралғаннан кейін қайтадан термиялық өңдеуден өткізіледі. Тартылған еттен жасалған бәліштер мен құймақтар үшін пайдаланылатын фаршты тұтынар алдында қосымша термиялық өңдеуден өткізу қажет. Дайын фаршты 2 сағат ішінде пайдаланған жөн. Шикі көкөністер мен шөптерден суық тағамдар әзірлеу кезінде оларды мұқият жуып, ағынды сумен шайып, тураудан бұрын кептіру қажет, - дейді Татьяна Горлова.
Маманның айтуынша, салаттар, винегреттер және туралған компоненттер майонез, қаймақ араластырылмаған күйінде 0±4 °С температурада 18 сағатқа дейін ғана сақталады. Ал оларды соуспен араластырғаннан кейін 0±4 °С температурасында 12 сағаттан артық сақтауға болмайды. Осы қарапайым алдын алу шараларын сақтау тағамнан уланудың алдын алмақ.
Бұған дейін Петропавлда жілікті қолмен ұрып сындырудан жарыс өткенін жаздық.
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер