Облыс орталығында 13-15 наурыз аралығында «Борышкер» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Оның мақсаты – алимент өндіру туралы сот шешімдерінің орындалуын қамтамасыз ету және кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау.
Бүгінгі таңда 6660 баланың мүддесіне 5549 атқарушылық құжат орындалуда. Алайда 1500-ден астам ата-ана алиментті жүйелі түрде төлемейді, кейбірі оны төлеуден қасақана жалтаруда.
Жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында 911 әкімшілік хаттама толтырылды, жалпы сомасы 10 млн теңгеге жуық 633 түбіртек тәркіленді, айыппұл төлеу қажеттігі туралы 338 хабарлама таратылды, 2 млн теңгеге жуық 107 қаулы мәжбүрлеп өндіріп алуға жіберілді, 9 көлік мамандандырылған автотұраққа жіберілді.
Сонымен қатар автоматтандырылған мәліметтер базасының көмегімен борышкерлердің көліктері анықталып, ұсталды.
Қалалық прокуратура өкілдері алимент төлемегені үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 139-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салады.
Пікірлер