A+ A A-

talgatzhan 44 10-04-2025, 13:30 0

Өскемен аруы Зинаида Бектемірова: «Шығысқа келін боламын деп мүлде ойламадым»

Бүгін / Сұхбат

Наурыз айының соңында облыс орталығында «Өскемен аруы» байқауы ұйымдастырылды. Сұлулар сынға түскен сайысқа қатысу үшін бастапқыда 21-35 жас аралығындағы қыз-келіншектерден 80-ге жуық өтініш келіп түскен. Ұлттық салт-дәстүр мен мәдени мұраны дәріптеуге бағытталған байқау бірнеше кезеңнен тұрды. Осылайша, он ару ақыл-ой парасаты мен өнерлерін ортаға салды. Нәтижесінде 24 жастағы Зинаида Бектемірова жеңімпаз атанып, арнайы жасалған сәукеле мен 1 миллион теңге қаржылай сыйлыққа ие болды. Зинаида — Батыс Қазақстанның тумасы. Шығысқа келін боп түскен ару бүгінде облыстық Драма және оперетта театрында актриса болып жұмыс істейді. Осы орайда «Өскемен аруы» атағының иесімен сұхбаттасып, байқаудан алған әсерін білген едік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

- Зинаида, алдымен өзіңіз туралы айтып берсеңіз?

- Ақтөбе облысындағы Қандыағаш қаласының тумасымын. Қарапайым отбасында өстім. Әкем – жұмысшы, анам – мұғалім. Ата-анам мені үш жыл уақыт күтті. Дүниеге келгенде денсаулығымда сәл кінәрат болған еді. Қазақтың ырымы бойынша балаға көз бен сөз тимес үшін ерекше есім қойып жатады. Сондықтан әкем аман қалсын деген ниетпен есімімді «Зинаида» деп қойды. Балалық шағым батыста өтті. Мектеп қабырғасын аяқтаған соң Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясына оқуға түстім. Театр өнері факультетінде «Актер шеберлігі» мамандығы бойынша білім алдым.

- Өнер жолын таңдауыңызға не түрткі болды?

- Кішкентайымнан өнерге жақын болдым. 3 жасымнан бастап сахнада ән айтатынмын. Бір жағынан ата-анам да өнер жолында жүргенімді қалады. Өзімді басқа салада елестете алмадым. Алғашында Талдықорған қаласындағы театрға жұмысқа кірдім. Кейін тұрмыс құрып, Өскеменге көштім. Дүниеге сәби алып келген соң декреттік демалысқа шықтым. Облыстық Драма және оперетта театрына жұмысқа орналасқаныма бір ай болды. Жуырда ғана киелі сахнаға қайта оралып, алғашқы рөлімді сомдадым. Әріптестерім де байқау бойы маған қолдау білдірді. - Батыстан шығысқа келін боп түскен екенсіз. Жаңа жерге үйренісу қиын болмады ма?

- Жолдасым екеуміз студенттік шақта таныстық. Ол да өнер академиясында оқыды. Мамандығы – күйші-домбырашы. Шығысқа келін боламын деп үш ұйықтасам да түсіме кірген емес. Ата-анам үшін де бұл күтпеген жағдай болды. Әкем мені алысқа кетеді деп мүлде ойламаған. Дегенмен олар менің таңдауымды қолдады. Жұбайымды жақсы танитын. 2022 жылы екі жақтың ақ батасымен шаңырақ көтердік. Әр қыздың тағдыры әртүрлі ғой. Әрине, бастапқыда қорқыныш болды. Себебі бұл жердің салт-дәстүрімен таныс емес едім. Менталитеті мен халқының қандай екенін де білмедім. Күйеуімнен басқа ешкімді танымаймын. Дегенмен ол маған бәрін түсіндіріп отыратын. Ал екінші анамды көрген кезде бар уайымым басылып, көңілім тынышталды. Ата-енем – өте жақсы жандар. Бастапқыда салт-дәстүрге сай басыма орамал тағып, сәлем салатынмын. Кейін ата-анам «Сен – өзіміздің қызымызсың ғой» деп, ешнәрсеге міндеттеген жоқ. Мені өз қыздарындай көреді. Бірақ орамалымды тастамаймын.

- «Өскемен аруы» байқауына қатысу туралы шешімді қалай қабылдадыңыз?

- Бұл сайысқа қатысуымның басты себепкері – күйеуім. Ол маған кастинг туралы хабарландыруды жіберіп, бағыңды сынап көр деді. Шынымды айтсам, басында мүлде мән бермедім. Қазір кішкентай қызымызды тәрбиелеп отырмыз. Бала күтімі мен жұмысты қатар алып жүруге тырысқан соң аса назар аудармадым. Бірақ ата-енем де сенім білдіріп, қолдау танытқан соң кастингке бардым. Қойылған талаптар өте жоғары болды. Әр қыздың сөйлеу мәдениетіне, сахнада өзін ұстауына мән берілді. Қыздар өздерін жан-жақты көрсетуге барынша тырысты.

- Байқау қалай өтті? Қай кезең ерекше есіңізде қалды?

- Іріктеу кезеңінен соң біздің білімімізді, аспаздық өнерімізді тексерді. Үшінші кезеңде камера алдында сөйлеуді шыңдау мақсатында әр қатысушымен жеке подкаст түсірілді. Әр кезеңге өткен сайын қобалжуым арта түсті. Әсіресе, интеллектуалды сайыста қандай сұрақ түсер екен деп тағат таппадым. Шынымды айтсам, үйде нанды анам өзі жаяды. Сондықтан аспаздық өнер сайысында да қатты уайымдадым. Бірақ барлығы ойдағыдай өтті. Ал финалда дефиле көрсетіп, көрерменге өнерімізді паш еттік. Жолдасым екеуміз «Құдаша» әнін орындадық. 3 жыл көлемінде сахнадан алыстап кеткен соң қобалжығанымды жасырмаймын. Халық алдында киелі сахнаға шығу оңай болмады. Дегенмен күйеуімнің, жақындарымның қолдауы мені алға жетеледі.

- Жеңімпаз ретінде есіміңіз аталғанда қандай сезімде болдыңыз?

- Алдымен байқауда бақ сынаған әр арудың ерекше екенін айтқым келеді. Барлығы шетінен көрікті, дара, биязы. Жеңіске жету туралы армандадым, бірақ сенімді болмадым. Есімім аталғанда қатты толқып кеттім. Тіпті не істерімді білмей қалдым. Жақындарым да қатты қуанды. Жұбайым бірден ата-анама хабарласып, жеңіске жеткенімді айтты, Ал залда ата-енем, үлкен енем отырды. Ол кісілер де риза болды.

- Әлеуметтік желіде сәукеленің түсі туралы түрлі пікір тарады. Неліктен қара түс таңдалды?

- Сәукеленің суретін финалға бір күн қалғанда көрдік. Оған дейін оның қандай болатынын білмедік. Қара түс даналықты, парасаттылықты, сабырлықты, ал алтын байлық пен билікті бейнелейді. Екеуі де ерекше мағына береді. Сондықтан осы түс таңдалды.

- Байқаудан соң өміріңізде қандай өзгерістер болып жатыр?

- «Өскемен аруы» маған жаңа мүмкіндіктер сыйлады. Өмірімде тілшілерге сұхбат беремін деп еш ойлаған емеспін. Оған қоса жаңа орта, жаңа достар таптым. Сайыс барысында қыздар бір-біріне көмектесіп, білгенімен бөлісті. Әрине, барлығы жеңімпаз атанғысы келеді. Бірақ ол достық қарым-қатынасқа кедергі болмады. Ал отбасымда мен әдеттегідей жар, ана, келінмін. Айтарлықтай ештеңе өзгермеді. Бірақ сұхбатқа, түсірілімдерге бару керек болса, жақындарым түсіністік танытады. Тіпті сайыс басталғалы бері күйеуіммен үнемі дайындықта жүрдік. Қызымызды ата-енем қарап отырды. Бастысы, «Өскемен аруы» өзіме деген сенімділігімді арттырды.

- 1 миллион теңгені не нәрсеге жұмсамақ ойыңыз бар?

- Белгілі бір бөлігін қайырымдылыққа арнағым келеді. Ал қалған соманы қайда жұмсайтынымды әзірге білмеймін. Сайысқа қатысып жатқанда да ол туралы ойламаппын.

- Өнерден бөлек бос уақытыңызда немен айналысасыз?

- Ең алдымен, мен - жас анамын, аяулы жармын. Уақытымның көп бөлігін отбасыма, бала тәрбиесіне арнаймын. Өзімді дамытуға да тырысамын. Кітап оқығанды ұнатамын. Қазір Дулат Исабековтың «Гауһартас» шығармасын оқып жатырмын.

- Сіздің ойыңызша, қыз баланың тәрбиесінде не нәрсеге көңіл бөлген жөн? Қыздардың бойында қандай қасиет болуы керек?

- Қазіргі заманда кез келген қыз баласы бойына жақсы қасиеттерді сіңіруге тырысу керек. Ақылына көркі сай, парасатты, дана болған жөн. Түрлі салада жетістікке жетіп, барлығын қатар алып жүру де оңай емес. Ең бастысы – адам өзіне сенімді болуы қажет. Қыздарды кішкентайынан қоршаған әлеммен дұрыс қарым-қатынас орнатуға, өзін сүюге үйрету керек деп ойлаймын. Сондай-ақ білімге ұмтылған дұрыс. Өйткені оқыған адам жерде қалмайды. Ештеңеден қорықпау керек, барлығы адамның өзіне байланысты.

- Алдағы уақытқа қойған жоспарларыңызбен бөліссеңіз... Бұдан да ауқымды байқауларда бағыңызды сынап көргіңіз келе ме?

- Қазіргі таңда әлеуметтік желідегі парақшамда оқырман саны артып, көптеген ұсыныс түсіп жатыр. Егер балалар үйі, қарттар үйіне қатысты қандай да бір игі шаралар болса қалыс қалмаймын. Жалпы жоспар көп. Бір жағынан театр сахнасын сағындым. Сондықтан басты рөлдерде де ойнағым келеді. Ал сұлулық байқауларына немесе киноға шақырту келсе, жұбайыммен ақылдасармын. Дегенмен ол менің жұмысыма түсіністікпен қарайды, маған үнемі қолдау білдіреді.

- 10 жылдан кейін өзіңізді қалай елестетесіз?

- Болашақта өзімді қоғамда өз орнын тапқан тұлға, бақытты әйел, дені сау балалардың анасы ретінде көремін.

- Әңгімеңізге көп рахмет!

Қымбат МУХАМАДИЕВА

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив