Өскемен гарнизонының 27943 әскери бөлімінде сарбаздар Отан алдындағы борышын абыроймен аяқтады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Олар соңғы рет салтанатты сапқа тұрғызылып, жауынгерлік күндерімен қоштасты.
Салтанатты шара барысында әскери бөлім басшылығы сарбаздарға алғысын білдіріп, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі ерен еңбектері мен тәртіпке деген адалдықтарын ерекше атап өтті.
– Бұл – әрбір жауынгердің есінде мәңгі қалатын, үлкен өмір жолындағы маңызды кезеңнің бірі. Сарбаздар бір жыл бойы әскери тәртіп пен ережені меңгеріп, жауынгерлік дайындықтарын шыңдады. Отан алдындағы борыштарыңызды абыроймен өтеп, нағыз азамат ретінде қалыптасты. Ендігі жолдары ашық, өмірлері мәнді болсын, – деді 27943 әскер бөлім командирі полковник Азамат Абикенов.
Шараға арнайы келген ата-аналар да ерекше қуаныш пен толқынысқа бөленді. Сарбаздармен бірге естелік ретінде бөлім аумағында шырша ағаштары отырғызылды. Бұл игі іс болашаққа қалдырылған тағылымды белгі іспетті.
Сонымен қатар белсенді сарбаздардың ата-аналары да назардан тыс қалмады. Балаларын әскери қызметке тәрбиелеп, Отан алдындағы борышын адал атқаруға жол сілтеген ата-аналарға әскери бөлім басшылығы тарапынан алғыс хаттар табысталды.
Сарбаздар үшін бұл сәт қуаныш пен қимастыққа толы болды. Бір жағынан туған үй мен жақындарын сағынған сарбаздар елге оралатынына қуанса, екінші жағынан бір жыл бойы иық тірескен әскери достарымен қоштасу қимастыққа толы болды.
– Жауынгерлік өмірдегі бір жылымыз зулап өтті. Казармаға алғаш рет кіріп, Отан алдында адал қызмет етуге ант берген едік. Енді міне, бір жылды да абыроймен өткізіп, қайтып барамыз, – деді қатардағы жауынгер Алтынбақ Октябрұлы.
Отан алдындағы борышын өтеп, азаматтық борышын адал атқарған бұл жауынгерлер — нағыз патриотизмнің үлгісі. Олар еліміздің бейбіт болашағына сеніммен қарап, өмір жолында алған тәлім-тәрбиесін ел игілігі үшін жұмсауға дайын.
Пікірлер