Тоқты
Жаныңыз тағат таппай, ойға жиі батасыз. Апта соңында көптен күткен тыныштық орнап, оңаша қалудың сәті түседі. Осы уақытта болашаққа деген жоспарларыңызды тағы бір пысықтап, қадамыңызды нықтай түсіңіз.
Торпақ
Әріптестеріңізбен араңызда күтпеген жерден бәсекелестік алауы қыза түседі. Лайықты қарсылық көрсетіп, тойтара алмауыңыздың бір себебі – олардың айтарлықтай тәжірибелі болуы. Тайталасқа келмей, сабырлық танытқан жөн.
Егіздер
Әлеуеті жоғары жандар ақыл-кеңесімен бөліссе, құлақ түре тыңдауға әзір болыңыз. Өмірлік тәжірибе жинақтауда біршама азық болады. Сәуір айының 16-сы күні сақ болыңыз: біреулер тұзақ құрып қоюлары мүмкін.
Шаян
Сенім білдіретін адамыңыз болса ғана жауапты тапсырмаларды орындаңыз. Әйтпегенде күш-қуатыңызды босқа сарқып, жуық арада еңсе тіктеуіңіз екіталай. Қазір қарызға берген ақшаңыз таяуда қайтпауы ғажап емес.
Арыстан
Қай жағынан болсын шыдамды болыңыз. Күрделі тапсырмалар туындаса да, бас қатырар мәселе болса да сағыңыз сынбасын. Еш күтпеген жерден қиындықтар туындауы мүмкін. Жағдай бақылаудан шыға бастаса ашуға ерік бермеңіз.
Бикеш
Апта ортасында күрмеуі шешілмей келе жатқан отбасылық түйткілдерді біржақты етуді ойлаңыз. Тек жұмыс қамымен жүремін деп отбасы мәселесін ұмытып кетпеңіз. Қолыңыз босап жатса бой жазып қайтыңыз.
Таразы
Жоқ жерден бұрқ еткен ұрыс-керіс кезінде төзім патшалығының есігі жабылып, қызбалыққа салынасыз. Жақын адамдарыңызды ренжітіп алсаңыз апта соңына дейін кешірім сұрап үлгергеніңіз дұрыс.
Сарышаян
Қанша жерден ұстамды болсаңыз да түптің-түбі біреу-міреумен шекісіп қалуыңыз кәдік. Достарыңызбен, әріптестеріңізбен ойыңыз бір жерден шықпай қалса, өзіңіздікін дәлелдеу үшін кикілжіңге бармаңыз.
Мерген
Қазір сырт-келбетіңізге мән беріп, киіну үлгісін өзгертуге қолайлы уақыт. Бір сәт жаңа дүниелер сатып алсаңыз еш айыбы жоқ. Жұлдызар жұмыста өмірлік серігіңізді жолықтырасыз деп болжауда.
Тауешкі
Алдағы аптада жақсылап тынығып, әралуан дәрумендер тұтынуға тырысыңыз. Көктем бітпей әл-қуат жинап алсаңыз, кез келген тапсырманы қиналмай орындайсыз. Демалыс күндері жағымды жаңалықтар естисіз.
Суқұйғыш
Кейбір Суқұйғыштар сүйген адамының көзіне шөп салулары мүмкін. Әсіресе дәрігер, мұғалім мамандығын игергендер алдымен махаббатқа беріктік уәдесін беріп кейін сөздерінен тайқып кетеді. Қазір барынша сақ болыңыз.
Балықтар
Кез келген салада өзгелерден оқ бойы озық тұрамын десеңіз, әр тапсырманы шашау шығармай орындаңыз. Бос уақытыңыз болса, өмірлік серігіңізбен табиғат аясына шығып, серуендеп қайтыңыз. Дәл осы кезде жұмысты ойламауға тырысқан ләзім.
Пікірлер