Өскеменде облыстық филармонияда есірткі мен лудоманияның алдын алуға бағытталған “Таңдау” атты психологиялық драма қойылды, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.
Бүгінде қоғамда белең алып тұрған лудомания мен есірткіге тәуелділік – ел болашағына қауіп төндіріп отырған өзекті мәселелердің бірі. Осы орайда Шығыс Қазақстан облыстық Полиция департаменті мен “Самға” театры бірлесіп, жастарға арналған тәрбиелік қойылым ұсынды.
Қойылымның басты мақсаты – жастарды қиын жағдайларға тап болудан сақтандыру, оларды зиянды әрекеттерден аулақ болуға үндеп, дұрыс таңдау жасауға бағыттау.
– “Таңдау” – бұл ана махаббатының сынағы, достықтың шынайылығы, адамның ішкі болмысымен күресі туралы драма. Әр көрермен қойылымнан ой түйіп қайтады. Бұл – сұрақтарға жауап іздеген жанның шынайы хикаясы, – дейді “Самға” театрының мүшесі Сырым Маратбек.
Айта кету керек, қойылымға Өскемен қаласындағы колледждер мен мектеп оқушылары қатысты.
Пікірлер