12 сәуірде облыс орталығында қала маңын қоқыстан тазарту мақсатында «Таза ойындар» экологиялық жобасы аясында сенбілік ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.
Сайысқа қатысушылар 4 адамнан тұратын команда жинап, мобильді қосымша арқылы тіркелді. Ойынның форматы квест түрінде өткізілгендіктен, әр топ қалдықтарды жинай жүріп, ерекше артефакті затты табуға да тырысты. Әр жыл сайын белсенділер қала аумағын тазартуға белсене қатысады. Осы жылы да дәстүрлі сайыс өз жалғасын тапты. Қала тұрғындары демалыс күнін пайдалы іске арнап, Назарбаев даңғылы бойындағы аумақты тазалады. Сенбілікке еріктілерден бөлек, жастар мен қала тұрғындары қатысты. Аталған іс-шара биыл 3-ші рет ұйымдастырылып жатыр.
- Бүгінгі ойынның негізгі мақсаты - қала тұрғындарының, жастардың бойына эко мәдениетті қалыптастыру. Жалпы бұл “Таза ойын” экосенбілігі Өскемен қаласында дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылады. Биыл 3-ші рет өткізіліп отыр және бұрынғы ойындардан ерекшелігі де бар. Осы жылы біз бұл экосенбілікке тек қарапайым сенбілік ретінде қарамай, келген қала тұрғындарының уақытын тиімді пайдалану жағын да қарастырып, түрлі шаралар өткіздік, - дейді Өскемен қаласының жастар ресурстық орталығының директоры Бақытжан Ерболқызы.
Квест форматында өткен жарыс барысында ойыншылар қоқысты жинап, сұрыптап, қайта өңдеуге тапсырды. Оларға әр келі қалдық үшін ұпай берілді. Ал қосымша ұпайды ерекше заттарды табу немесе арнайы тапсырмаларды орындау арқылы жинады. Жарысқа барлығы 21 команда қатысып, 280 қап, яғни 2,5 тонна қоқыс жиналды. Сайыс соңында қатысушылар ақшалай сыйлықтармен, арнайы жүлделермен марапатталды. 1 орынға – 100 000 теңге, 2 орынға – 80 000 теңге, 3 орынға – 60 000 теңге берілді. Қайта өңделген шыныдан жасалған арнайы кәдесыйлар да таратылды.
Пікірлер