
Үлкен Нарында қайда демалуға болады?
Үлкен Нарын – Бұқтырма бөгенінің шығысында орын тепкен аудан. Тарихы 1935 жылдың 9 қаңтарынан бастау алады. Алғашында Большенарым ауданы болып құрылған. 1997 жылы Катонқарағай ауданына қосылған еді. Өткен жылдың басында дербес аудан атанды. Осылайша, ол батысында Самар, солтүстігінде Алтай, оңтүстігінде Күршім ал шығысында Катонқарағай аудандарымен шектеседі. Жалпы жер аумағы 3,8 мың шаршы шақырымды құрайды. Қазірде аудан құрамына 21 елді мекен кіреді. Оның ішінде туристік әлеуеті жоғары ауылдар бар, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бүгінгі таңда Үлкен Нарында туристерге арналған 6 нысан жұмыс істейді. Оның ең ірісі – «Приморск» демалыс орны. Бұдан бөлек, мұнда 2 қонақүй, «Абзал» пантымен емдеу орталығы бар. Ал балалар үшін Приморск елді мекенінде «Арайлы Шығыс», Свинчатка ауылында «Сұңқар» балалар сауықтыру лагерлері орналасқан.
«Приморск» демалыс орталығы
Бұл жердің табиғаты тамаша, ауасы таза. Жаздың аптап ыстығында сынап бағанасы әдетте 33-40 градусқа дейін жетеді. Ал судың температурасы 20 градусқа дейін жылы болады. Демалыс орны барынша жарықтандырылған. Демалушылардың жайлылығы үшін аспалы көпірі бар тоған, мейрамхана, ойын алаңы, футбол, волейбол және спорт алаңдары, барбекю және монша бар. Бұдан бөлек, әуезді ән де қосылып тұрады. Стандарт және люкс санаттағы бөлмелер бар. 4 адамға арналған бөлменің бағасы 45 000 теңгеден, 8 адамға арналған бөлме 100 000 теңгеден басталады. Былтыр бұл жерге 500-ден астам турист келген.
«Абзал» пантошипажайы
Емдеу орны өзінің тұмса табиғатымен, ұсынылатын қызмет түрлерімен ерекшеленеді. Мұнда пантоминералды ванна бар. Жас бұғы мүйізінен алынған сығынды қан айналымының жұмысын жақсартып, иммундық жүйені нығайтады. Буын мен жүйке жүйесі ауруларына ем болады. Демалуға әрі ем алуға келгендер альтернативті медицинаның көмегіне жүгіне алады. Массаж, ароматерапия және емдік қасиеті бар шөп шайлары жиі ұсынылады. Атпен серуендеуге де болады. Шипажайда 2, 3, 6 адамға арналған үйлер мен 12 адамға арналған коттедждер бар. Visiteast.kz сайтының дерегінше, бір күн үшін көрсетілетін қызмет құны 18 000-25 000 теңге аралығында тұрады.
Сұлушоқы
Бұл тау сай ішіндегі шағын ауылдың жан-жағын қоршай орналасқан.
Жолай өтіп бара жатқандар оның көрінісіне тамсанғанымен, тарихын білмеуі мүмкін.
Аңызға сүйенсек, халық жайлауға көшкенде Есдәулет есімді азаматтың жұрты осы жерге келіп қоныстанады. Есдәулет дәулеті тасыған бай болыпты. Оның Сұлу атты жалғыз қызы оның қойшысының ұлы Шоқыға ғашық болады. Мұны естіген Есдәулет бай қызына айтпай, кедейдің ұлын өлтіруге бұйрық береді. Кейін оны естіген Сұлу Шоқыны жерлеген жерге келіп, жылай-жылай көз жанарынан айырылады. Күнде Шоқының басына келіп жүргенде жардан құлап, көз жұмады. Бұған қатты өкінген қыздың әкесі «Тірі кезінде қосылмаса да, өлген кезінде бір болсын» деп қызын сол таудың басына жерлейді. Қос ғашықтың зиратының орны алғашында төмпешік болып, кейін тауға айналған көрінеді. Осылайша, ол ел арасында «Сұлушоқы» атанған екен.
Туристер ағынын арттыру үшін...
Ресми ақпаратқа сүйенсек, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында Үлкен Нарын ауданына 3500 турист табан тіреген. Көрсетілген қызмет көлемі 29,9 млн теңгені құрады.
Осы көрсеткішті һәм ауданның туристік әлеуетін арттыру үшін алдағы уақытта Свинчатка ауылында жаңа демалыс базасын құру жоспарланып отыр.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Фотосурет ашық дереккөзден
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер