1 мамырдан бастап 1040 пәтерде газбен жабдықтау жүйесін өшіру жоспарлануда, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бұл шара газ жеткізу жүйесінде пайдаланылатын жабдықтардың тозуына байланысты қабылдануда.
Шемонаиха қаласында 13 газ тарату қондырғысы жұмыс істейді, олар 46 газ баллонын қамтиды. Аталған 37 көпқабатты тұрғын үйді сұйытылған мұнай газымен осы қондырғылар қамтамасыз етеді. Әкімдік мәліметінше, қазіргі уақытта 1040 пәтердің аз бөлігі ғана газды пайдаланып отыр. Газ құбырының ұзындығы 5,5 шақырымды құрайды. Жүйеге «КАПАН» ӨКФ ЖШС (сенімгерлік басқару) қызмет көрсетеді.
12 қыркүйекте қала әкімдігімен ГРУ техникалық куәландыруы жүргізілді (2024 жылғы 12 қыркүйектегі №812 қорытынды, «Группа компаний АС-АЛ» ЖШС дайындаған). Тексеру нәтижесінде қысымды 20%-ға төмендету арқылы 1 мамырға дейін уақытша пайдалану рұқсат етілді және газ баллондары мен металл құбырларды толықтай полипропиленге ауыстыру ұсынылды.
Техникалық тексеру нәтижесінде қысым реттегіштердің ақаулары сияқты көптеген бұзушылықтар анықталған. Мамандардың қорытындысы бойынша жүйені қазіргі күйінде әрі қарай пайдалану тұрғындардың қауіпсіздігіне қауіп төндіреді. Осыған байланысты жабдықты толық ауыстыру ұсынылды.
Аудан әкімдігі түпкілікті шешім қабылдау үшін ҚР ТЖМ қарасты Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті департаментінің қатысуымен қолданыстағы ГРУ-ларды қосымша зерттеу мәселесін қарастыруда.
Пікірлер