Бір жыл бойы БҰҰ-ның Бақылау және Қадағалау күштері (UNDOF) миссиясы аясында Голан жоталарында қызмет атқарған Қазақстанның тұңғыш бітімгерлік контингентінің сарбаздары елге оралды. Олардың қатарында Шығыс Қазақстаннан Өскемен гарнизонының 27943 әскери бөлімінің бес жауынгері де бар, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қазақстаннан аттанған 139 адамнан тұратын бітімгерлік рота өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен орындады. Жауапкершілік аймағында сарбаздар патрульдік қызмет атқарып, жүктің қауіпсіз жеткізілуін қамтамасыз етті. Сонымен қатар олар гуманитарлық көмек көрсету ісіне де белсене атсалысты.
-Бір жыл ішінде қазақстандық контингент 600-ден астам тапсырманы орындады. Атап айтқанда, төрт рет эвакуациялық операция жүргізіп, 400-ден астам жарылмаған оқ-дәрілерді жойды. Бұл — бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау жолындағы маңызды үлес. Біздің жерлестеріміздің мұндай маңызды халықаралық миссияға қатысып, абыроймен елге оралуы — үлкен мақтаныш. Олар жоғары тәртіп пен кәсіпқойлықтың үлгісін көрсетті. Бұл — болашақ офицерлер мен сарбаздар үшін зор өнеге. Біз олардың ерлігін лайықты түрде бағалап, әскери қызметтің абыройлы жолын жалғастыра береміз, — деді 27943 әскери бөлімінің штаб бастығы полковник Ерденбек Ахметов.
Бітімгерлік миссия – еліміздің Қарулы Күштері үшін жаңа тәжірибе ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Елге оралған сарбаздарды туған-туыстары мен әскери басшылық зор қуанышпен қарсы алды.
Қазақстандық бітімгерлердің бұл алғашқы тәжірибесі болашақта халықаралық миссияларға қатысуға сенімді негіз болары сөзсіз.
Пікірлер