
Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-да болған ауқымды форумды “Казцинк” компаниясының қолдауымен “Өскемен әйелдері” қауымдастығы ұйымдастырды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Шараның басында жиналғандар Eurasian Fashion School ұйымдастырған дефилені тамашалады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, форум қатысушыларға тәжірибе алмасуға және пайдалы білім алуға мүмкіндік берді.
- Облыста алғаш рет өткізіліп отырған бұл форум өңірдегі әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға үлес қосады. Бүгін Алтай, Риддер қалалары мен аудандардан 120-дан астам әйел келді. Мұнда табысқа жеткен нәзік жандылар өз білгенімен бөлісе алады. Біздің форум тек пікірталас алаңына айналып қана қойған жоқ, мұнда әрбір қатысушының өз пікірін білдіруге, оқиғасымен бөлісуге, тәжірибе алмасуға мүмкіндігі бар, - деді ШҚО Іскер әйелдер кеңесінің басшысы Елена Березинская-Абилова.
Арнайы шақырылған спикерлер “Кәсіпкерлік және мансап - әйелдер қалай көп ақша таба алады?”, “Көшбасшылық және әйелдер қауымдастығы - қалай өзіңді тыңдатып, жетекшілік ету керек?”, “Табыс психологиясы - өзіңе деген сенімділік, қорқыныш және ішкі кедергілер” тақырыптарында өз ойларын ортаға салды. Олар әйелдер кәсіпкерлігі, мансаптық өсу, көшбасшылық, жеке бренд құру, өмірлік тепе-теңдікке қол жеткізу және қаржылық сауаттылық жайлы пайдалы кеңестерімен де бөлісті.
Форумға қолдау көрсеткен “Казцинк” компаниясында да мансаптық өсу, жалақы және әлеуметтік бастамалар мәселелерінде тең құқықты ұстанады. Өнідірісте әйелдер мен ерлер үшін тең құқықтар мен мүмкіндіктердің сақталғаны үшін 2022 жылы компания Қазақстандағы гендерлік бағдарланған компаниялардың біріне айналды.
- Бүгінгі форумның атауы кездесейсоқ таңдалмады. Шығыста мекен еткен наймандар құрамында батылдығымен әрі ержүректілігімен ерекшеленген “Қызай” руы болған деседі. Іс-шараға жиналғандар да дәл осындай қасиеттерге ие. Жалпы компанияда біз әйелдер бастамасын дамытуға ерекше назар аударамыз. Әйелдерді қолдауға және олардың мансаптық дамуына бағытталған “Қайратты қыздар”, “Әйелдер неліктен “Казцинкті” таңдайды” сынды бірнеше жобаға бастамашылық жасадық. Нәзік жандылар түрлі салада маңызды нәтижелерге қол жеткізуде. Біз үшін гендерлік теңдік өте маңызды. “Казцинкте” 19 000 адам жұмыс істейді. Жұмысшылардың 24%-ы әйелдер. Басшылық лауазымдардағы әйелдердің үлесі 27%-ды құрап отыр. Біз өз қызметкерлерімізді жынысына қарай бөлмейміз, әр адамға даму үшін мүмкіндік береміз. Qyzai форумы олардың қалай дамып жатқанын айқын көрсетеді. Біз қоғамды шабыттандыратын және қолдайтын осындай маңызды оқиғаларадың бір бөлігі бола алатынымызды мақтан тұтамыз, - дейді “Казцинк” ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Андрей Лазарев.
Спикерлердің арасында өңірде қаржы, бизнес, медиа, құқықтану салаларында жетістікке жеткен танымал әйелдер болды. “Cassak” брендінің негізін қалаушы Аяужан Ашимова өндірістегі тәжірибесімен бөлісті.
- Бүгінгі форумның маңызы зор. Шығыс Қазақстанда қолынан іс келетін, сөзі өтімді, білімді әйелдер өте көп. Бүгінгі шара барлығының басын қосып, өз бастамасын жүзеге асырғысы келіп жүрген қыз-келіншектерге ақыл-кеңес бере алады. “Cassak” бренді өткен жылы іске қосылды. Сондықтан облыстағы өндірісті бастаушы ретінде өз тәжірибеммен бөлістім, - деді ол.
Сонымен қатар форум аясында практикалық сессиялар өткізілді. Онда қатысушылар жасанды интеллекті пайдалану, шешендік өнер, тайм-менеджмент туралы тың деректермен таныс болды.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер