Өскеменде Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Ресей Федерациясының Алтай өлкесінен келген шығармашылық ұжымдардың қатысуымен мазмұнды концерт өтті. Шараға Евгений Борисов атындағы Алтай мемлекеттік «Сибирь» орыс халық аспаптар оркестрі мен Александр Березиков атындағы «Алтай» жастар ән-би ансамблі қатысты. Концерт «Во все века» атауымен қала жұртшылығына ұсынылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Өскеменде Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Ресей Федерациясының Алтай өлкесінен келген шығармашылық ұжымдардың қатысуымен мазмұнды концерт өтті. Шараға Евгений Борисов атындағы Алтай мемлекеттік «Сибирь» орыс халық аспаптар оркестрі мен Александр Березиков атындағы «Алтай» жастар ән-би ансамблі қатысты. Концерт «Во все века» атауымен қала жұртшылығына ұсынылды. Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев қарсы алып, өңір басшылығы атынан құттықтауын жеткізді. Оның айтуынша, мұндай мәдени шаралар Қазақстан мен Ресей арасындағы рухани байланысты нығайтуға сеп болады.
Концерт Өскемендегі «Шығыс Қазақстан облыстық филармониясы» залында өтті. Бағдарлама барысында соғыс жылдарында жазылған және майдан даласындағы сарбаздарға рух берген атақты әндер шырқалды. Әсіресе «Смуглянка», «Катюша», «Темная ночь», «День Победы» және қазақ әні «Әлия» көрерменнің ерекше ықыласына бөленді.
Кештің әсерлі сәттерінің бірі – А.Твардовскийдің поэмасы негізінде қойылған, В.Гаврилиннің музыкасына жазылған «Дом у дороги» балетінің сахналануы болды. Бұл қойылым бұған дейін Талдықорған мен Алматы қалаларында да көрерменнің ыстық ықыласына ие болған.
Сондай-ақ концертте Ленинград қорғанысы мен блокадасына арналған И.Цветковтың «Петербурская серенада» шығармасы орындалды. Орындаушы, оркестр солисі Руслан Осиповтың айтуынша, бұл туынды көрерменге соғыс жылдарының ауыртпалығын жеткізуді мақсат еткен. Көрермендер арасында көзіне жас алғандар да байқалды.
Концерт соңында қазақстандық әртістер мен ресейлік өнерпаздар бірігіп «Жеңіс күні» әнін орындап, көрерменге ұмытылмас әсер қалдырды. Сахнада әскери киім киген «Алтай» ансамблінің қойылымдары кештің мазмұнын тереңдете түсті.
Шара бейбіт өмірдің бағасын ұғындырып, ұрпақтар сабақтастығын насихаттаған тағылымды кешке айналды.
Пікірлер