Аталған мереке аясында Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы Орталық балалар кітапханасында «Балаларға арналған тұңғыш кітаптар мен мерзімдік басылымдар тарихы – интерактивте» атты әдеби-тарихи танымдық шара ұйымдастырылды. Бұл шара «Балалар және жасөспірімдер кітаптарының апталығы» аясында өткізілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 23 сәуір елімізде ресми түрде «Ұлттық кітап күні» болып белгіленді. Бұл күн кітап оқу мәдениетін қалыптастырып, оқырман ұрпақты тәрбиелеуге бағытталған маңызды рухани мерекеге айналып отыр.
Шара бағдарламасы төрт негізгі бөлімнен тұрды:
•«Тұңғыш балалар кітаптары» – XIX және XX ғасырлардағы балалар әдебиеті мен авторларының тарихына шолу;
•«Тұңғыш ұстаз» – қазақ ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен еңбегі туралы мәліметтер;
•«Тұңғыш әліппе» – қазақ әліппесінің даму тарихына көз жүгірту;
•«Тұңғыш балалар журналдары мен газеттері» – өткен ғасырлардағы балаларға арналған мерзімді басылымдардың тарихы.
Қатысушылар кітапханадағы арнайы мұражаймен танысып, 19–20 ғасырларда жарық көрген балалар кітаптары мен мерзімдік басылымдардың тарихына қанықты. Сонымен қатар қазақ әдебиетінде балаларға арнап алғаш қалам тербеген қайраткер тұлғалар туралы тың деректер ұсынылды.
- Бұл бастама балалардың кітапқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, рухани-мәдени танымын кеңейтуге бағытталған, - деді кітапхана директорының орынбасары Жанат Жиенбекова.
Шараға орта білім беру ұйымдарының педагогтері мен “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығының ШҚО филиалы “Кәсіби даму институты” мамандары арнайы қатысып, балалар әдебиетінің маңыздылығы жайлы өз ойларымен бөлісті.
Пікірлер