Жыл басынан бері 800-ден астам адамға өрт қауіпсіздігіні сақтамағаны үшін айыппұл салынған. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитетінің бас маманы Елдос Зияда елордада өткен баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі kazinform-ға сілтеме жасап.
- Жыл басынан бері 800-ден астам адамға өрт қауіпсіздігіні сақтамағаны үшін айыппұл салынған. Ол айыппұлдарды төтенше жағдайлар қызметінен бөлек полиция, экология қызметінің өкілдері де салғанын айту керек.
Жеке бізге келсек, 410-бап бойынша өрт қауіпсіздігін сақтамағаны үшін жеке тұлғаға 5 айлық есептік көрсеткішке (19 660 теңге) дейін айыппұл саламыз. Ол дегеніміз – саяжай аумақтарында құрғақ шөптерді өртеген кезде ара қашықтықты сақтамау, ауа құрғақ әрі желді күні от жағу сияқты әрекеттер. Яғни, мұндай ауа райында ашық кеңістікте, табиғат аясында, орман ішінде, саяжай аумағында алау тұтатуға мүлдем тыйым салынады, - дейді ол.
Сондай-ақ, орман ішінде арнайы демалыс базасының аумағынан басқа жерде от жағуға қатаң тыйым салынғанын еске салды.
- Орман шаруалығы қызметі орман алқаптарында мүлде от жағуға тыйым салады. Арнайы демалыс орындарында, от жағуға арналған орындарда ғана от жағуға, мангал сияқты құрылғыларды қолдануға болады.
Өртке қарсы күрес маусымы басталғаннан бері Төтенше жағдайлар қызметі толық күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Ал ерекше назар Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарына бөлінеді. Бірақ Шығыс Қазақстанда орман көп болса, Қарағанды, Ұлытау облыстарында дала өртінің қаупі жоғары. Сондықтан бүкіл республика бойынша күшейтілген режимді жұмыс істейміз, - деді Елдос Зияда.
Бұған дейін Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев орманда сейіл құрып, табиғат аясында демалыс өткізудің шарттарын түсіндірген еді.
Пікірлер